Колледждерде жаңа өндірістік шеберханалар ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Колледждерде жаңа өндірістік шеберханалар ашылады

28.01.2025

Атырау облысында биылғы жұмысшы мамандықтар жылына орай 9 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Қосымша мамандықтар да ашылады. Мәселен, Мақат ауданындағы мұнай және газ колледжі токарь ісі мамандығының шеберханасын іске қоспақ. Сонымен қатар өндірістегі мамандарды шақыртып, студенттерге дәріс оқыту жоспарланып отыр. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатады.

Мақат мұнай және газ колледжінде 300-ден аса студент білім алады. Жылына 100-ге тарта маман әзірлейді. Биыл басшылық жаңа мамандық ашуды жоспарлап отыр. Әділби Асқар осында 2-курс студенті. Электрмен жабдықтау мамандығын меңгеруде. Бұл жолды таңдауға ағасы сеп болған.

Әділби Асқар, студент:

Соның артынан еріп, мен де электр мамандығына түстім. Алдағы уақытта осы мамандық бойынша жұмыс істеуге тырысамын. Біз осы мамандық бойынша электр тоқтарымен және де электр жарықшамдарын қосуды үйреніп жүрміз.

Колледждің материалдық-техникалық базасы толық жабдықталғандықтан, студенттер практиканы осы жерден өте береді. Білім ордасы жеті бағыт бойынша оқытады. Нұрбол Исмағұлов студенттерге токарь ісін үйретеді. Өзі бұрын мұнай компаниясында жұмыс істеген. 8 жылға жуық уақытта жиған тәжірибесін балаларға үйретіп, білікті маман даярлауға атсалысып жүр.

Нұрбол Исмағұлов, Мақат мұнай және газ колледжінің оқытушысы:

Студенттерге жалпы темірлердің жону түрлерін, болт-гайка жасау түрлерін, өндіріске қажетті нәрселерді үйретеміз. Мекеме жаңадан 10 станок алып жатыр. Сол арқылы жаңа технологияларға көшеміз деген ойдамыз.

Колледжде әр мамандықты терең үйретуге қажетті құрылғылар бар. Дәнекерлеуші, тігінші, мұнай бұрғылаушы мамандығында оқитын студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, ауданда орналасқан 3 зауытпен тығыз байланыста отырып, олардың мамандарымен дөңгелек үстел өткізіледі.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қазір облыста 24 колледжде 19 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Биыл жұмысшы мамандықтар жылына орай өңірдегі 9 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылмақ. Сонымен қатар, 3 колледжде өндірістік цех ашу жоспарланып отыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу