Атырау халқы сортаң жерден қиындық көріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау халқы сортаң жерден қиындық көріп отыр

28.01.2025

Атырау облысы Мақат ауданының тұрғындары тұзды, сортаң жердің зардабын тартып отыр. Бұл өлкеден мұнай өндіріле басталғанына биыл 114 жыл. Осы уақыт аралығында бірнеше ұңғымадан мұнай табылып, әлеуметтің әлеуеті біраз көтерілді. Алайда қазір олардың басым көпшілігінен су шығып, айналасы шағын көлге айналған. Жергілікті халық әкімдіктен сортаң жерді көміп берулерін талап етуде.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Еліміздегі тұңғыш мұнай атқылаған жердің бірі – Мақат ауданындағы Доссор кентіндеміз. Қазақстанды әлемге танытқан алақандай ғана өлкенің бүгінгі сиқы осы. Ауданның 70 пайыздан астамы дәл осындай тұзды, сортаң жерге айналған.

Қыстыгүні бұл жер осындай көл болып тұрса, жаздағы ыстық күндері буланып, көлдің орнын тұз қабыршығы жабады. Осылайша жел тұрғанда шаңмен бірге көтеріліп, өкпені қабындырады. Салдарынан кент орталығының екі бетін бөліп жатқан сордың иісінен қолқа тарылып, тыныс алу қиындайды.

Ғазиз Ғабдуллин, Доссор кентінің тұрғыны:

Онкологиялық ауру боп жатыр халық. Жастай кетіп жатыр. Туа біткен ауру балалар бар. Осының бәрі біздің Доссор кентінде бар.

Құмар Жанаев, Мақат кентінің тұрғыны:

 Жаз кезінде иіс шығады. Кезінде жанында орналасқан мектептердің қоқысы төгілді. Осы аумақта апатты үйлер де жетеді. Соның орнына сорды көміп, жаңа үйлер, жаңа нысандар салса, жақсы ғой.

Бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп, шешімін таппай келеді. Тұрғындардың сөзіне сенсек, ауданға келіп, уәде беріп кетушілер көп. Мәселен, өткен жылы алпауыт мұнай компаниясы сортаң жерлерді көмуге қыруар қаржы бөлеміз деген. Бірақ әлі қозғалыс жоқ. Ал жергілікті әкімдік бұл жерді игеру үшін құны 11 млрд теңгеге жоба әзірлеген.

Темірбек Іңірбаев, Мақат ауданы ТҮКШ бөлімі тұрғын үй инспекциясының басшысы:

Жобаға геотекстилді материалмен үстін көму, абаттандыру жұмысы кірді. Тұрғындарға арналған демалыс орталығы секілді нысандарды салғымыз келеді. Жобаны жеңіл конструктивті тұрғыда жасадық.

Қазір қаражат мәселесі шешіліп жатыр. Егер жоба мақұлданса, елдімекен ішіндегі 165 гектар жер көміліп, абаттандырылады. Алайда бірінші дұрыс зерттеу жұмыстарын жүргізу керек, дейді жауаптылар.

Нұрлан Жантоқов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Оны толығымен жабу мүмкін емес. Сондықтан жартылай қалдырып, қалғанын көму жұмысын бастау керек. Доссордың басқа жақ бөлігінен жолды тегістеп, түгелдей кептірген кездер болды. Бірақ 2-3 жылға жетпей, сол жерден су қайта көтеріліп кетті. Сондықтан егжей-тегжейлі тексеріп, нақты шешім қабылданады.

Ал тұзды сорларды көму жұмысының қашан басталатыны әзірге белгісіз. Экологияны да жақсартып, ауданның келбетін де кіргізетін бұл жоба туған жердің болашағына алаңдағандықтан туып отыр. Сондықтан тұрғындар бұл бастамаға қолдау танытатын жандар табыларына үмітті.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу