Бүгін Беларуссияда президент сайлауы өтіп жатыр. Елді 30 жылдан бері басқарып отырған 70 жастағы Александр Лукашенко осымен қатарынан 7-рет сайлауға түсіп отыр. Оның жеңіске жететініне ешқандай күмән жоқ дейді халықаралық саясат зерттеушілері.
Тіпті оған қарсылас болып отырған 4 үміткерді сарапшылар «спойлерлер» деп немесе «спарринг-серіктестер» деп атап, айдар тағып қойған. Олар бас үміткерді қолдайтындарын да жасырмайды да. Елде оппозиция да қалмаған.
Тәуелсіз ақпарат құралдары мен журналистер де қуғындалып тынған. 2020 жылғы сайлауда болған халық наразылығы мен нөпір ереуілдерден кейін режим бұл жолы әрине, тырп еткізбеді. Батыс әлемінің билігінің легитимдігіне шәк келтіргеніне Александр Лукашенко пысқырып та қарамайды.
Беларуссия халықаралық аренада оқшауланып, Ресейге одан бетер тәуелді бола түсті. Бүгінгі науқанда сайлау учаскелерін милиция күзетіп жүр. Кабинкалар жабылмайды, әрі бюллетень парақтарын фотоға түсіруге тыйым енгізілді. Тағы бір жаңалық бұл жолы шет елдерде сайлау учаскелері жоқ. Орталық сайлау комиссиясы сыртта жүрген отандастарына елге келіп, дауыс беруді ұсынған.
Демек саяси босқындар мен көшіп кетуге мәжбүр болған өзгеше ойлайтындар дауыс бере алмады деген сөз. Қысқасы осы науқандағы жалғыз сұрақ Лукашенко қанша пайыз дауыспен сайланатынында ғана.