Жазушы Төлен Әбдіктің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтылған ойлары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушы Төлен Әбдіктің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтылған ойлары

26.01.2025

Жазушы Төлен Әбдіктің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында да қасаң ойлау туралы айтқан. Қанат Бірлікұлының сұрақтарына берген жауаптарының тіні – өткенмен өмір сүруді, бәрін өткенмен ғана өлшеуді қою. Бірнеше цитата келтіреміз.

...Бізде талантты ақындар да, талантты жазушылар да жоқ емес. Бірақ сол таланттар мен талантсыздар мидай араласып, жақсылары жамандардан оқ бойы озып, қара үзіп кете алмай жүр... Олардың деніне ортақ бір кемшілік бар. «Жаңа ғасырда әлем қайда бет алды, адамзаттың қандай құндылықтары алға озып барады, шетел ақындары қандай жыр жазып жатыр?» деген секілді сұрақтарға бас қатырмайды. Бір сөзбен айтсақ, көбінің тарих пен бүгінгі заман, қала берді көркем әдебиеттің басты қағидалары төңірегіндегі көзқарастары тобырлық деңгейде...
...Кит етсе, «ғұнмын, көк бөрімін, қасқыр болып ұлып жүрмін» дейтін мағынадағы өлеңдерден аяқ алып жүре алмайтын болдық. Бүгінгі ағылшын ақыны «менің арғы атам англосакс» деп немесе орыс ақыны «менің арғы тегім славян» деп айғайлап өлең оқыса, «онымен не айтпақсың?» дегендей, жұрт түсінбей олардың бетіне одырайып қарар еді. Өйткені арғы тегің кім болса да, ол сенің кісілігіңе, мәртебеңе, күнкөрісіңе ештеңе қоса алмайды. Сенің кім екенің бүгінгі күніңмен өлшенеді.

Рас, тәуелсіздік алған жылдары ұранды жырлармен ғасырлар бойы бодандықтың тауқыметін тартқан ұлттың рухын бір сілкіп алу керек те болған шығар. Ал ақындардың осы тақырыптың айналасынан әлі айналсоқтап шықпай қоюы мен айтқан дүниетанымның тарлығын тағы дәлелдейді.

...Жазушылар жазған туындыларды шынайы тарих деп қабылдауға болмайды. Қазақ жазушыларының тарихи шығармасын оқып отырсаңыз, бізге жететін жаужүрек, данышпан ұлт болмаған сияқты. Әлгі кітаптармен танысып, «көзсіз батыр, шексіз ақылды бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт қалай отар ел болған» деп таңғаласың! Ең бастысы, тарихты өз қалауынша аңызға айналдырып, ондағы тирандарды көкке көтеру дәстүрі белең алып барады. Бұл жақсы нәрсе емес.

...Өткеннен қалған рухани қазынаны кәдеңе жарат. Бірақ ата-бабаң жасаған зұлымдықты мақтан тұтудың қажеті қанша?

Сұхбатты толық оқу керек. Біздің келтіргеніміз цитаталар ғана. Иә, бұл жазушының жеке пікірі. Бірақ бір тұсымен келісетін, енді бір тұсы пікірталасқа шақыратын осындай пікірлер біздің қоғамда жоққа тән.


Хабарламаларға жазылу