Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтау маңында құлаған Әзербайжан ұшағының «қара жәшіктеріне» байланысты мәлімдеме жасады. Вице-премьер шифрі ашылғасын экипаждың өзара және жердегі қызметтермен әңгімесі, жәшіктердегі барлық дыбыс зерттелетінін айтты. «Келесі аптада алдын-ала есеп шығады деп үміттенеміз» деді.
Қосымша хабарлағаны: Апат себебін зерттеу жалғасып жатыр, комиссия құрамында Әзербайжан Ресей, Бразилия елдерінен және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының сарапшыларынан құралған 17-18 адам бар. Бразилияда шифрі ашылған «жәшіктердің» Қазақстанға қайтарылғаны туралы ақпарат 5 қаңтардан кейінгі аптада шыққан, ал біздің Көлік министрлігі өткен аптада растаған.
Ақтау әуежайының маңында 25 желтоқсанда апатқа ұшыраған ұшақта 67 адам болған. Бесеуі экипаж мүшесі. Бакуден Грозныйға ұшып шығып, Грозныйға қона алмай, ақыры біздің еліміздің аумағына құлағанда 38 адам опат болды. Алтауы отандасымыз.
Себебіне келсек, алдымен Euronews және Reuters ұшақты Ресей әуе қорғанысы құралдары атқылаған деген материалдар жариялады. Артынша Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің Ресейді кіналаған комментарийін бердік. Әзербайжан телеарнасында ол, Ресей біріншіден Әзербайжаннан кешірім сұрауы керек, екіншіден кінәсін мойындап, өтемақы төлеуі шарт, үшіншіден кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс, деген.