Ресейдің экономикалық жағдайы туралы бағана бекер айтып қалғамыз жоқ. Оларда не гиперинфляция басталады, не банк жүйесі қирайды деген болжамды Кремльдің саяси оппоненттері ғана емес, экономиканы талдай алатын мамандар айтып отыр. Оның үстіне қызметіне кіріскен Дональд Трамп не деді? «Зеленский мәмілеге келгісі келеді. Ал Путинге байланысты сондай бір сенімді емеспін. Путин келісімге келуі керек, өйтпесе ол Ресейді күйретеді. Ресейде үлкен проблемалар болады!», - деді ол, Ақ үйдегі Оval кабинетте, құжаттарға қол қойып отырып.
Кейін өзінің әлеуметтік желісінде тарқатыңқырап түсіндірді. Егер Украинадағы соғысты тоқтату туралы келісімге жақын уақытта қол қойылмаса, Ресейдің Құрама Штаттарға, басқа елдерге сататын тауарларының бәріне жоғары салық, тариф қойып, санкциялар салуға уәде берді. «Қайта мен Путинге өте үлкен қызмет көрсетіп отырмын, көнбесе жаман болады» дейді Трамп.
Бұл мәлімдеме мәмілеге келуге алдымен ол Киевті мәжбүрлейді деген қауіпті сейілткендей. Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский, Дональд Трамп Украинада бейбітшілік орнатуға қабілетті деген. Алайда Киев үшін принципті мәселе бар: Вашингтон Украинаға қауіпсіздіктің ұзақмерзімді кепілі болатын қандай да бір ұсыныс бере ала ма? НАТО-ға мүшелікке өту арманы жүзеге аса қоймас, ал құрамында америкалықтар бар бітімгер күштерді орналастыру идеясы ше? Бұл мүмкін бе? Қауіпсіздікке кепілдік беретін құралдар Мәскеумен келіссөздер басталғанша пысықталуы керек дүниелер. Трамп пен Путиннің әуелі телефонмен әңгімелесетіні айтылып жатыр, оған дейін Зеленскиймен сөйлесіп алмайтын болса, күштінің «күштімін» деп ойлайтын мен келісімі ғана... Дегенмен не болса да қан судай аққан соғыстың тоқтағаны керек.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Соғыс тоқтаса, Трамп өзінің бір миссиясын орындады деп айта аламыз. Ол Қазақстанға әрине бір артықшылық болады. Себебі кез келген соғыс, шытырман жағдай Қазақстанға тиімсіз. Өйткені Қазақстан әлемдік нарықтардағы бағаларға, әлемдік көңіл күйге өте тәуелді мемлекет. Біз шикізаттық елміз, сондықтан біз шикізат бағаларына да сезімталмыз. Сондықтан әлемде тыныштық болса, Қазақстанға жақсы. Тыныштық болса, экономикалық даму жүреді де адамдар көбірек мұнай ала бастайды, уран ала бастайды, металл ала бастайды. Қазақстан осыдан бір саяси профит ала алады.
Бұл иә, прагматикалық жағы. Ал ең маңыздысы – «күштімін» деп көкігеннің есін жиғызу.
Сонымен Трамптың Ақ үйге қалай қайтіп оралғаны, болмысы, тағы басқа көптеген сауалдарға байланысты аналитикалық материалдарды саясатпен әуестенетіндер, жалпы әлемдегі ахуалды сараптап отыратындардың өздері оқыды деп есептейміз. Ал Трамп жүргізетін саясаттың Қазақстанға әсеріне келсек.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Трамптың кезіндегі Америка жалпы өндірістің барлығын сыртқа аутсорсқа бермей, өндірістің бәрін өз ішіне шоғырландыруға ниетті. Ол үшін Трампқа мұнай бағасының түскені керек. Дәл осы кезде Трамптың Қазақстанға белгілі бір жағымсыз факторлары басталады. Бізге қазір қиын жағдай туып тұр. Мұнай бағасының түскені бізге керек емес. Себебі біздегі бюджеттік тапшылық мәселесін шешіп алу керек. Контрциклді бюджет енгізіп, белгілі бір етек-жеңімізді қымтап алуымыз керек те, құрығанда екі жыл болғанда, мұнай бағасының жоғары болғаны керек еді. Сол кезде біз жыртықтарымызды жамап, өзіміздің ішкі процедураларды реттеп, ақырындап жаңа өмірге бейімделе бастауымыз керек еді. Сондықтан бізге Трамптың мұнай баррелінің бағасын 50-60 долларға түсіріп жібергені, өте тиімсіз болмақ.
Демек алдағы аптада болатын Үкіметтің кеңейтілген отырыста дағдарысты еңсере алатын қабілет туралы көбірек әңгіме болатын шығар.