Энергетика министрлігі жанар-жағар май бағасын мемлекеттік реттеуді кезең-кезеңімен алып тастауды ұйғарған. Арзан, сондықтан көрші елдерге сатылып кетеді және көлеңкелі нарық «құлпырып», ақыр соңында бізде қайта-қайта тапшылық туады дейді құзырлы министрлік. Қазір мысалы, АИ92 маркалы бензиннің бір литрі 205 теңге. Мемлекеттік реттеу алынса, қанша болуы мүмкін? Сарапшылардың пікірін қарасақ, Өзбекстан мен Қырғызстандағы бағаға барады деп есептейді. Өзбекстанда литрі 489, Қырғызстанда литрі 385 теңге.
Ал картоп келісі 500 теңгеден де асып кеткен жерлер бар. Желтоқсанда 200 теңгенің маңайында еді. Көкөніс пен картоп егетіндер одағының жетекшісі Байжан Уалхановтың пікірін оқысақ, жаңа жылдық мерекелерге орай картопқа сұраныс артып, тапшылық туған, ретейлерлер соны пайдаланып, бағаны да көтере берген.
Сонымен бірге тұрақтандыру қорларына сатып алған арзан картоптың делдалдар арқылы базарларға жөнелтілуі мүмкін деп топшылайды. Сауда министрлігі де айналдырған үш аптаның ішінде негізсіз ақша қосуға байланысты 49 құқық бұзушылық анықтадық деп хабарлады. Сөйтіп «Жағдай бақылауда» дегенді дәлелдегісі келіп «Әлеуметтік дүкендерде баға нарықтағыдан арзан, жалпы елде тапшылық жоқ, картоп жетеді» деген сипаттағы ақпар таратып отырды. Дегенмен сілтеме жасап тұрған Уалхановтың пікірінше «сұраныс жоғары, сондықтан сатушылар 200 пайызға жеткен табыстан айырылмау үшін аз ғана айыппұл төлей салады». Сондай-ақ жыл басында Ресей картоп экспортына шектеу қойған, біздегі бағаға ол да әсер еткен. Ресейде картоптың, басқа да бағалардың өсуі және біздің нарыққа әсері – ол бір бөлек тақырып...
Картоп – әлеуметтік азық. Ет болмаса да, картоп қолжетімді болуы керек. Бұл тіпті айтатын әңгіме емес. Бірақ талдауға тура келеді. Елдос Есенбол таразыға салып көрді.
Елдос Есенбол