Ең үздік ауыл мектебі Атырау облысында орналасқан
Сіз еліміздегі ең үздік ауыл мектебі қайда екенін білесіз бе? Ол Атырау облысы Мақат ауданында орналасқан. №2 бастауыш мектебінде білім алатын әр он баланың жетеуі үздік. Былтыр Оқу - ағарту министрлігінің «Қазақстандағы тиімді ауыл мектебі» номинациясын иеленіп, елдің ең үздік білім ордасы атанды. Қарапайым ауыл мектебі мұндай жоғары жетістікке қалай қол жеткізді? Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тарқатады.
Алихан Зиноллаұлының қызы осы білім ордасында мектеп алды даярлық тобына барады. Бұған дейін мұнда 3 бірдей баласы оқып, қазір жоғары жетістіктер көрсетіп жүр. Бұл мектептегі ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегінің арқасы дейді ата-ана.
Алихан Бермұхан, ата-ана:
Тақталардың орнына видео көрсететін тақтамен қазіргі заманға сай оқытады. Үйде жүргенде де әнұранын айтып, таңертең сабаққа барғысы кеп тұрады.
Мұнда сабақ басталмас бұрын әнұран шырқалады. Ал қоңыраудың орнына күй күмбірлейді. Үзілісте балалар құр жүгірмей, би билеп, түрлі ойындар ойнайды.
Бұл мектептің материалдық-техникалық базасы қаладағыдан кем емес. Толық жабдықталған. Мұғалім мен бала үшін әр кабинетте интерьактивті тақта, компьютер және жайлы орындықтар мен парталар қойылған. Дәліздегі қабырғаға жазылған қанатты сөздер жеткіншектерді биікке жетелеп, жетістіктерге бастайды. Шағын ғана білім ордасының үздік атануы ізденістің, тәртіп пен талаптың нәтижесі дейді мектеп басшысы.
Руслан Баймұқашев, мектеп директоры:
Мектебіміздегі тәрбие жұмысы әрбір баланың жан-дүниесіне, жүрегіне, әрбір баламен жеке жұмыс істеумен және ұлттық тәрбиеге негіздей жүргізумен маңызды, қүнды деп білеміз.
Ұлттық тәрбие және әдебиет, абайтану, өлкетану, қоғамдық гуманитарлық кабинеттері баланың жан-жақты жетілуіне жол ашады. Заманауи кітапханада оқулық саны аз болса да, облыс бойынша үш жыл қатарынан «үздік кітапхана» атанған.
Қазақстандағы бастауыш сынып оқушыларынан құрылған тұңғыш ұлт-аспаптар ансамблі де осы мектепте. Жиырмадан астам оқушы жетіген, шертер, домбыра, кахон, тамбурин, асатаяқ, тоқылдақ, сазсырнай, бубен аспаптарында еркін ойнайды. Ансамбль жетекшісі Ерасыл Мұсаев. 14 аспаптың тілін меңгерген музыка маманы. Бұған қоса тұңғыш рет домбыра әліппесін құрастырып шыққан. Енді жоғары жақтан қолдау тапса, оқулықты әрмен қарай жетілдірмек ниетте.
Ерасыл Мұсаев, музыка пәнінің мұғалімі:
Осыны қолдап кетсе, Тек 1-сыныпқа ғана емес 1-5-ші сыныптарға арналған мектеп юағдарламасын жасап шығуға болады.
Қазір мектепте 186 оқушы білім алады. Екі ауысым, бірақ білім ордасы тарлық етеді. Көктемде жанынан қосымша ғимарат салынбақ. Сол кезде бала саны 500-ге жетеді.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
