Қазақстанда -40 градусқа дейін аяз болады. Арктикадан келген суық ауа ағындары Қазақстан аумағына еніп, алдағы үш күнде температураның одан әрі төмендеуі ықтимал, деп хабарлайды Қазгидромет. Қазірдің өзінде еліміздің бірқатар аймағында қалың қар жауып, ақтүтек бораннан күре жолдарда көлік қозғалысы шектелді. Қарға адым жер көрінбейтін бұрқасыннан құқтқарушылардың өзі жолда қалғандарға көмектесу үшін арнайы техникамен әрең жеткен. Өскемен және Тараз қаласындағы мектептерде сабақ онлайн режимге көшті.
Шығыс Қазақстан облысында түндегі ақтүтек боранға қарамай жолға шығып кетіп, қар құрсауында қалған 8 адам құтқарылды. Жолаушылар жақын маңдағы елдімекенге жеткізіліп, оларға ыстық тамақ берілді. Аймақта қарлы дауыл әлі соғып тұр. Сондықтан бүгін өңірдегі 4 аудан мен Өскемен қаласындағы мектептерде сабақ онлайн жүйеге ауыстырылды.
Жамбыл облысында бірнеше бағытта жол жабылып, 14 адам құтқарылды
Жамбыл облысында жағдай мұнан да қиындау. Өңірден Қарағанды бағытына қарай қатынау мүмкін емес. Бет қаратпас бораннан «Алматы- Екатеринбург» тас жолы жабылған. Бурылбайтал ауылынан солтүстікке қарай 150 шақырым жолды қалың қар басып қалған. Кешелі бері жабылған жол учаскелері бойынан 14 адам құтқарылды. Толғағы қысқан екі жүкті әйелге дер кезінде көмек көрсетілді. Қазір блок бекеттер маңында ұзын саны 400-ге тарта көлік кептеліп тұр. Мектептердің бірінші ауысымда оқитын балалар сабақтарын үйде отырып, онлайн жалғастырды.
Шымкент-Тараз бағытындағы жол екі күнге жабылды
Шымкентте де кеше күні бойы толассыз жауған нөсердің соңы қарға ұласты. Таң ата бере екпінді желмен ұйытқыған бұрқасын түске қарай саябырсыды. Соны пайдалынып, шаһардағы коммуналдық қызмет пен барлық арнайы техника қар тазалауға кірісті. Өйткені метерологтар бүгін және ертең түнде -14 градусқа дейін аяз болады деген болжам таратты. Тараз бен Шымкентті жалғап жатқан күре жолмен қатынас екі күнге тоқтады.
Ақмола облысында полиция 2 мыңға жуық автокөлікке көмек көрсетті
Ал Ақмола облысында бүгін таңертең боранның беті қайтып, автожолдарда қозғалыс қайта жанданды. Қауіпсіздік үшін полиция қызметкерлері көліктердің алдына түсіп, жол бастап жүр. Осындай 14 колонна жасақталған. Олардың соңынан 2 мыңға жуық автокөлік ілесіп келеді. Оның 500-ге жуығы жүк көліктері.
Ғани Қалмахан