Шымкентте электр желілерінің 57 пайызы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте электр желілерінің 57 пайызы тозған

22.01.2025

Шымкентте электр желілерінің 57 пайызының тозығы жетіп тұр. Осыдан 60-70 жыл бұрын тартылған 3 мың шақырымдай сымның көп жері жалғанған, трансформаторлар ескі. Сондықтан биыл электр жүйелерін жаңартуға қазынадан 2 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл ақшаға Қайнарбұлақ және Құрсай шағын ауданындағы қосалқы станциялар жөнделеді.

Мегаполис халқын тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамту мақсатында былтыр 5 шағын ауданның аумағында құрылыс жүрді. Нәтижесінде 6 мыңнан аса тұрғыны бар «Екінші Асар», «Бозарық» «Қайнарбұлақ» аймағы жарықтандырылды. Сондай-ақ, қаланы жарықпен қамтамасыз етуші мекеменің инвестициялық бағдарламасы аясында 180 шақырым магистральді желі жаңғыртылған.

Шоқан Айдарбек, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

Мекемеде 5 жылдық инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Сол бағдарлама аясында 150-200 шақырым желі жаңғыртылып отырады. Соның есебінен тозу деңгейі жыл сайын төмендейді.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу