Павлодар облысында былтыр 36 бала оқыс жағдайда қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында былтыр 36 бала оқыс жағдайда қайтыс болды

13.01.2025

Павлодарда 4 жастағы бала 5 метр биіктен құлап ауруханаға түсті. Оқиға сауда үйлерінің біріндегі ойын орталығында болған. Дәрігерлердің айтуынша қатты соғылғандықтан жеткіншектің миы шайқалған. Жалпы өңірде былтыр 500 бала биіктен құлап зардап шеккен. Бізде бала қауіпсіздігіне қаншалықты мән беріледі? Меншікті тілшіміз Болат Аманбаев осы мәселені зерделеп көрді.

Төрт жасар Әмір ойын орталығына екі ағасымен кірген. Ата, әжесі сырттай бақылап отырыпты. Биікке шыққан баланың құлап, тағы бір немересінің аяғынан асылып қалғанына куә болады.

Мөлдір Әлиақпарова, анасы:

Бұл осы орталықта бірінші рет болған жағдай емес екен. Түсінесіздер ме? Талай бала жарақат алған. Біз үнсіз қалсақ бұл жағдай қайталана бермек. Сондықтан соттасамыз.

Әмір ауруханада кемінде бес күн жатады. Қазір жағдайы қалыпты.

Талғат Қасымбеков, Облыстық балалар ауруханасының дәрігері:

Жалпы жағдайы орташа дәрежелі ауырлықта. Жақсарып келеді. Баланың көңіл күйі, физикалық жағдайы жақсы. Ешқандай ақау жоқ.

Полиция балалардың ойын-сауық орталығында кешенді тексеру бастады. Жауапты мамандардарға қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Жанар Біләлова, Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

Осыған байланысты емделгеннен кейін ауыру тарихы негізінде сот-медициналық сараптама тағайындалады. Оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады.

Дерекке қарағанда елімізде әр апта сайын кемінде 5-6 бала зардап шегеді. Бір Павлодар облысының өзінде былтыр 403 бала таяқ жеп, 51-і биіктен құлаған. Ал батутта мертіккен бүлдіршіннің оқиғасы бойынша бала құқын қорғаушы уәкіл де істі өз бақылауына алмақ.

Сәуле Шәкенева, облыс бойынша бала құқығын қорғау уәкілі:

Азаматтар тарапынан өте көп шағым түседі. Әсіресе балаларға арналған ойын-сауық орталықтарының сапасына қатысты. Сондықтан прокуратурамен келістім, бірлесіп қаладағы барлық орталықтарда тексереміз.

Өткен жылы облыс бойынша 11 мыңға жуық бала далада жүріп түрлі жарақат алған. 2500 бала мектепте жүріп мертіккен. Бір жылда түрлі себептермен 36 бала қайтыс болған, оның ішінде 22 жасөспірім өз өзіне қол салған.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу