Басты Жаңалықтар Шаруалар қант қызылшасын өткізе алмай отыр

Шаруалар қант қызылшасын өткізе алмай отыр

Жамбылдық дихандардың жаздай жинаған қызылшасы далада шіріп, таусылуға таяу. Өйткені екі айдан бері өнімдерін өткізе алмай отыр. Ал аймақтағы қант қызылшасын қабылдайтын жалғыз зауыт тәтті түбір алуды тоқтатпақ. Жаздан қалған 100 мың тонна өнім жерде қала ма? Данияр Әлімқұл тараптарды тыңдады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Дақылымыз далада қалды деген дихандар алқап басындағы ала жаздай еңбегіміз еш кетті дейді. Өтпеген өнім осылай жайрап жатыр. Біраз бөлігін қараусыз жүрген ауыл малы азық қылса, қалғаны қыстың суығынан құрып барады.

Қамбар Қатаев 60 гектар алқапқа қызылша егіп, қарызға баттым, дейді. Баспанасы мен басқа да мүлкін кепілге қойып несие алған. Бүгінде жерден жиған 5 мың тонна тәтті түбірінің тең жартысы шіріп кеткен. Әуелі үйілген өнім үсікке ұрынды. Енді күн көзі күрт жылынғаннан жіпсіп, жарамсыз болатын болды деп қорқады.

Қамбар Қатаев, дихан:

Бұған 120 млн теңге кетті. Бейнеттеніп, жаздай істеген жұмысымыздың бәрі далада қалып жатыр міне. Мал деген жайылып жатыр, шіріп жатыр. Оны алатын адам әлі белгісіз. Ана жаққа апар, мына жаққа әкел деп ешкім айтып жатқан жоқ. Ал күн бұлай жылы болып тұрса 10 күннен кейін жарамайды қалады. Мынадан кейін ешкім екпейді-ау биыл.

Биыл өңір бойынша 11 мың гектарға қызылша егіліп, 600 мың тоннадан аса өнім жиналды. Оның 440 мың тоннасын Меркі қант зауыт қабылдап, 60 мыңы Жетісу жеріне жіберілген. Жауаптылар қалған бөлігін темір жол арқылы Қырғызстанға жеткізбек. Сондықтан шаруалардан шыдамдылық танытуды сұрайды.

Әбдірәсіл Желеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Қазір 10-15% қалды. 90-100 мың тоннаға жуық өнім қалды. Оның 156 мың тоннасын біз Меркіге өткіземіз. 40 мың тоннасын Ақсуға, қалған 45 мың тоннасын Қырғызстанға жөнелту бойынша жұмыстар жасап жатырмыз. Өңдеу үшін қырғыздарға төленетін ақша бар әр тоннасын өңдеуге.

Яғни шекара асатын өнім көрші елге саудаланбайды. Қырғыздарға қызылшаны өңдегені үшін тоннасына 25 мың теңге төлемек. Аймақ атқамінерлері қаңтардың соңына дейін қант қызылшасына қатысты мәселе толық шешіледі деп сендіреді.

Данияр Әлімқұл


Бөлісу