Өскеменнің экологиялық ахуалы жыл санап нашарлап барады. «Қазгидромет» орталығының мамандары былтыр қалада ең ұзақ қолайсыз метео жағдай тіркелгенін растады. Қала 113 күн көк түтінге көміліп тұрған. Тіпті қараша айында ауаның ластанғаны соншалық оқушылар бірнеше күн онлайн оқуға мәжбүр болды. Өңірдегі экологиялық сауықтыру шаралары енді қалай жүзеге аспақ? Тілшіміз Олжас Керейхан білуге тырысты.
Талдаудың нәтижесінде ауада күкірт пен азот диоксиді, күкірт сутегі және бензапирен сияқты зиянды қалдықтар қалыпты мөлшерден жылдың төрт мезгілінде де, үнемі көп болады. Қаланы сұрғылт тұман тұмшалағанда тұрғындардың тынысы тарылады. Кейде 10 күнге дейін жел соқпайды. Әсіресе қыста қиын.
Кәмшат Ахмәдиева, кешенді зертхана меңгерушісі:
Жаз, қыс деп бөлмейміз. Бірақ көбінде мына қаңтар, ақпан және қараша, желтоқсан айларында қолайсыз меторологиялық жағдай көбірек болады. Күнделікті ақпаратты біз қолайсыз метерологиялық жағдай туралы «Қазгидрометтің» сайтында күнделікті жарияланып отырады.
Жарияланған ақпаратта ауада қандай зиянды металь қалыпты мөлшерден асқаны нақты көрсетіледі. Ол қай өндіріске тиесілі екенін экология департаментінің инспекторлары анықтап, сол кәсіпорынға тексеруді бастайды. Бұл заңда көрсетілген талап. Алайда экологтар ірі өндірістер экологиялық талапты қаншалықты сақтап отырғанын білудің басқа баламалы жолын ұсынып отыр.
Дәулет Асанов, эколог:
Бізде жақсы ситуациялық орталық бар. «Сергек» камералары бар. Өндірістік алаңдарға сол камераларды қоя сал, болды. Есесіне мемлекеттік органдар қарап отырады. 24 сағат өндірістік алаңдар да не болып жатыр? Бір нәрсе басталды ма, шығып өндірістік тексеруді ашады. Кіреді. Тексереді. Болды.
Өскеменнің ауасын негізінен ірі өндірістер ластайды деген тәуелсіз экологтардың уәжін салалық департамент мамандары да растайды. Дегенмен жаңа экологиялық кодекске сәйкес кәсіпорындар төрт санатқа бөлінген. Бірінші, екінші санаттағы зауыттар экологияға қанша әсер ететіні туралы рұқсат қағаз алады. Ал үшінші санаттағылар тек декларация тапсырады.
Азамат Тәуірбеков, облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
Ал төртінші санаттағы кәсіпорындар олар үш жарым мыңнан астам біздің Шығыс Қазақстанда. Олар өкінішке орай экологиялық рұқсат қағаз алмайды. Олар барлығынан босатылған. Негізгі ластаушы болып солар бақылаудан тыс қалып қойғандықтан, солар негативті әсер етіп жатыр.
Былтыр қаланың ауасы ластануына қатысты экология департаменті 59 тексеру жүргізіп, 7 ірі кәсіпорынға 58 миллион теңге айыппұл салған. Ал өткен желтоқсан айында «Өскемен тынысы» деген бюро құрылды. Құрамында экологтар, ғалымдар және қоғам белсенділері бар ұйым қаланың эко ахуалын үнемі зерттеп, құзырлы органдармен ақпарат алмасады. Кәсіпорындарды тексеруге де қатысады. Ауа шамадан тыс ластанып қаланы көк түтін басса құзырлы органдарға ұсыныс береді.
Олжас Керейхан