Басты Жаңалықтар Оңтүстік өңірлерде аймақ жолдары 18 сағат бойы жабық болды

Оңтүстік өңірлерде аймақ жолдары 18 сағат бойы жабық болды

Оңтүстік өңірлерде екі күннен бері ақтүтек боран болып, автожолдар жабылды. Жүргізушілер мен жолаушылар күре жолдарда сағаттап тұруға мәжбүр болды. Жалпы өңірдегі ахуалды айтып беруге әріптестерім дайын тұр. 

Данияр Әлімқұл, тілші:

Кеше кешкі сағат бестен бастап «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің Жуалы және Қордай ауданындағы бөлігі жабылды. Қордай мен Күйік асуында мыңнан аса көлік қаңтарылып қалды. Оның 600-ге жуығы жүк көлігі. Жуалыда ескертуді елемей жолға шыққан 40 адам құтқарылды, оның 20-сы бала. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен полицейлер қар құрсауында қалған 10-нан аса көлікті сүйреп шығарды. Жүргізушілер автодәліздегі қар аршуға қатысты «техника аз, тазалау жұмыстары тым баяу» деп наразы.

Дастан Рақаев, Ақтөбе облысының тұрғыны:

Тунел соғу керек, болмаса мынау асулардың жиектеріне кедергі соғу керек. Қолдан келсе халықтың жағдайын жасау керек. Ақылы жол уақытылы тазаланғаны дұрыс. 

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жалпы Жамбыл жері мен өзге өңірлерді байланыстыратын негізгі жолдар 18 сағат бойы жабық болды. Тек түске қарай Шымкент бағытында шектеу алынып, Қордайда да қозғалысқа қан жүгірді. Жүргізушілер уәжін бізден естіген «ҚазАвтоЖол» тарапы қар тазалау былтырғыға қарағанда қарқынды дейді. Өйткені биыл бөлінген қаржы да қомақты. Ал кешелі бері күре жолды 50 техника мен 70 жұмысшы тынбай тазалады дейді. Жалпы Жамбылда қыс басталғалы 14 рет жол жабылған. 

Данияр Әлімқұл

Бөлісу