Басты Жаңалықтар Атырауда тауарлы балық шығаратын 13 шаруашылық ашылады

Атырауда тауарлы балық шығаратын 13 шаруашылық ашылады

Атырауда алдағы бес жылда балық өсіретін 13 шаруашылық ашылады. Оның құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балық шаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығына тоқталып, нақты тапсырма жүктеген еді. Қабылданған бағдарламалар шеңберінде 2030 жылға қарай елімізде балық өсіру көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Бұл – Құрманғазы ауданындағы ірі балық зауыттардың бірі. Түрлі су маржанын өңдейтін кәсіпорын жылына мың жарым тонна өнім дайындайды. Кептірілген және мұздатылған балықтарды экспортқа шығарады. Өндірісте 100-ге тарта адам жұмыс істейді. Жоспар да жоқ емес. Өнім түрлерін көбейту үшін тағы бірнеше жобаны іске қосу жоспарланған.

Бақытбек Иманов, цех меңгерушісі:

Біз 12 түрлі балық аулаймыз. Жайын, сазан, көксерке, табан, қаракөз. Осылардың ішінде Қаракөзге сұраныс көп. Ендігі жоспарымыз бұл арнайы бөлшектеу цехын салып, арнайы өнім шығару.

Балық өсіретін 5 зауыт та жұмыс күшін арттырып келеді. Мәселен мына кәсіпорында жылына тауарлы бекіре балықтарын өндіру көлемі 100 тонна, қара уылдырық 1 тоннаны құрайды. Бұған қоса жыл сайын Жайық өзеніне бекіре шабақтарын жіберіп отырады.

Болат Жаниязов, Зауыт директорының орынбасары:

Бұдан бөлек, біздер Каспий албыртына қатысты ғылыми зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Бұл балық түрі қазір жоқ деп айтуға болады. Жақында көршілес Ресейдегі Астрахань облысында өткен жиында осы мәселені көтердік. Болашақта осы су маржанын Жайық өзені мен Каспий теңізінде көбейтумен айналысуды қолға аламыз.

Атырауда қазір 18 балық шаруашылығы бар. Биыл 13 мың тонна балық ауланып, оның 90 пайызы экспортталған. Негізгі тұтынушылар – Ресей, Иран, Әзербайжан, Украина, Беларусь, Грузия елдері. Ішкі нарықта да сұраныс жоғары. Салада жетістіктермен қатар қиыншылықтарда бар. Каспий теңізінің тартылуы шаруаларға қолбайлау болып отыр.

Артур Сәдібекұлы, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Биыл төтенше жағдайға байланысты теңіздің тамағы қазылуда. Жайықтың жанама су айдындары, өзектерінде түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Болашақта бұл өңірімізде судың да балықтың да артуына септігін тигізеді деген үміттеміз.

Аймақтағы балық шаруашылығы өндіретін өнім көлемі 70 пайызға жетті. Қазір тауарлы балық өсіруге ден қойылып отыр. Салада жаңа жұмыс орындары ашылып, оған жас мамандар тартылып жатыр. Жұмысшылардың дені - жергілікті тұрғындар.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Бөлісу