Қытайда өтетін тоғызыншы қысқы Азия ойындарына арналған Ұлттық құрама спортшылары қандай форма киіп баратыны белгілі болды. Спорттық киімдер халықаралық стандарттарға сай әзірленіп, ұлттық талаптарды сақтаған. Форма сапасы жоғары материалдардан заманауи технологиямен тігілген. Әріптесім Асылбек Даниярдың материалы.
Асылбек Данияр, тілші:
Харбиндегі Азия ойындарына қатысатын спортшылар киетін форманың негізгі түстері – қою көк пен ашық көк. Бұл түстер – тұрақтылық пен тәуелсіздікті, жаңа белестерге ұмтылысты бейнелейді. Ал ақ түсті элементтер тазалық пен спорттағы әділдік қағидаттарын айқындайды.
Киімдердің дизайны мемлекеттік рәміздермен: елтаңба және тумен толықтырылған. Сонымен қатар, латын қарпімен QAZAQSTAN жазуы, IX Қысқы Азия ойындарының логотипі және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің эмблемасы бар.
Футболка мен шорты, спорттық костюмнің екі түрі, жилет, желден қорғайтын костюм, жылы куртка, бас киімдер, спорттық аяқ киім мен әртүрлі аксессуарлар кіреді.
Киімдер температураны бір қалыпта ұстайтын матадан тігілген. Сыртқы киімде табиғи мамық қолданылған, жеңіл әрі жылуды сақтайды. Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі форма демеушілер есебінен тігілгенін айтты.
IX Қысқы Азия ойындары Қытайдың Харбин мен Ябули қаласында өтеді. Жарысқа елімізден 139 спортшы барады. Спорттық бәсеке келер жылдың 7-14 ақпаны аралығында өтеді.
Асылбек Данияр