Биыл спортшылар 600-ден астам медаль жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл спортшылар 600-ден астам медаль жеңіп алды

25.12.2024

Биыл спорттағы жетістіктер аз емес. Өткен 9 айдың ішінде атлеттеріміз түрлі деңгейдегі жарыстардан 600-ден астам медаль жеңіп алды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Қазақ спортындағы елеулі деген сәттерді әріптесім Асылбек Данияр рет-ретімен тарқатады.

2024 жылы алғашқы тарихи жетістік Оңтүстік Кореяда өткен төртінші Жасөспірімдер Олимпиадасында тіркелді. Шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных осы спорт түрінен тұңғыш рет чемпион атанды.

Қатарда өткен су спорты түрлерінен әлем чемпионатында споршыларымыз сенсация жасады. Әртістік жүзуден жұптық сында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова үздік шығып чемпион атанды.

Биыл шорт-трекшілер үшін де табысты жыл болды. Ұлттық құраманың мықтысы Денис Никиша Нидерландыда өткен әлем біріншілігінде күміске қол созды. Бұл шорт-тректен ел тарихындағы алғашқы медаль.

Шахматтан әйелдер құрамасы да ел мерейін үстем етті. Мажарстандағы 45-ші шахмат Олимпиадасында тарихи нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды.

Елдос Сметов Париж олимпиадасында дзюдо спорты бойынша қазақтан шыққан тұңғыш чемпион атанды. Елдос Халықаралық дюздо федерациясының «IJF Judo Awards» жүлдесінің «Ерлер арасындағы үздік дзюдошы» аталымы бойынша үміткерлер қатарына енді. Бұдан бөлек, оған Олимпиада жеңімпазы ретінде жарыстарда алтын жапсырмамен белдеседі. Елдос қазір демалып жатыр. Спорттан кетпеймін дейді. АҚШ-тағы Олимпиадада да бақ сынауға ниетті.

Елдос Сметов, Париж Олимпиадасының чемпионы:

2025 жылдың аяғында, 2026 жылдың басында нақты 100 пайыз дайындыққа кірісеміз. Алдымызға қойған мақсатымызға жетуге тырысамыз. Келесі жылдың басында қаңтардың 10 күні ұшып кетеміз Лондонға, сол жақта 4 ай шамасында ағылшын тілін меңгеру үшін оқимыз.

Елдостың жеңісі пара дзюдошыларға да жұғысты болды. Паралимпиадаға бірінші рет 10 спортшы барып, оның бесеуі жүлдегер атанды. Ақмарал Науатбек те парадзюдодан қазақтан шыққан тұңғыш чемпион атанды. Ақмарал келесі Паралимпиадаға қатысуға ниетті және сол жарыстан соң спорттық мансабын аяқтауды жоспарлап отыр.

Ақмарал Науатбек, Париж Паралимпиадасының чемпионы:

Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап жатырмын. Ол жаңа салмақта, жаңа статуста болады. Өте қобалжып тұрмын. Бірақ, ендігі менен дайындық керек. Бұрын 48 келіге дейін күресетінмін, енді 52 келіге дейін болады. Келесі Паралипмидада өнер көрсеткеннен кейін әр қарай мүмкін басқа салады өзімді көремін.

Ал Харбиндегі ақ ойынға спорттың 6 түрінен 139 спортшы барады. Оның ішінде 71 ер, 68 әйел бар. Олар 50 медаль жиынтығына таласады. Жарыс 7-14 ақпан аралығында өтеді.


Хабарламаларға жазылу