Жезқазған қаласының құрылғанына 70 жыл. Айтулы күнге орай халықтар достығы мен мәдениеті үйінде қорытынды концерт өтті. Шаһардың дамуына үлес қосқан еңбек адамдары мен азаматтар марапатталды.
Жезқазған ежелден металлургияның Отаны саналған. Тарихшылар мұнда ерте қола дәуірінде мыс балқытып, бұйым жасағанын айтады. Ал, иен далада өндірістің дамып, әсем қаланың бой көтеруіне тікелей себепші болған – академик Қаныш Сәтбаев. Бүгін де Жезқазған қайта түледі. Жаңа шағын аудан бой көтеріп келеді. Жыл соңына дейін үлкен спорт кешені мен 320 орындық балабақша ашылады. 57 көшенің жолы жөнделді. Бұл қала облыс орталығы мәртебесін алған соң жүзеге асқан жұмыстардың бір парасы ғана.
Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:
Жезқазған – Отанымыздың түсті металлургиясының ірі ошағы және қуатты орталығы. Өзінің жетпіс жылдық даму жолында Жезқазған қаласы тарих толқынының небір ауыр сындарынан өтті. Өндірісті дамытудың қиында күрделі сынақтарын бастан кешірді. Жезқазған ілгерілеу және гүлдену кезеңінің басында тұр. Күрделі мәселелердің шешімін тауып, жоспарланған шараларды бірте-бірте іске асыру қолға алынды.
Салтанатты шарада мысты шаһардың саяси-экономикалық дамуына үлес қосқан жандарға құрмет көрсетілді. 10 азамат «Жезқазған қаласына 70 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Олардың арасында кәсіпкер, спортшы білім және денсаулық сақтау саласының мамандары бар.
Айткүл Махметова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Сіздерді Жезқазған қаласының тұрғындары қаламыздың жетпіс жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Біз осы Жезқазғанда өстік. Осы шаһарда жақсы жетістіктерге жеттік. Қаламыз өркендеп, гүлдене берсін. Жақсылық бола берсін.
Осы жолы Жезді қаланың 70 жылдық тарихында айшықты із қалдырған бірқатар азаматтардың мерейі үстем болды. 16 адамға қала әкімінің «Құрмет» граматосы мен «Алғыс» хаттары табысталды. Мерекенің соңы концертке ұласты.
Жандос Бақытұлы