Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайдан кейін қабылданған заң жобаларының ішінде мемлекеттік наградаларға батырларымыздың есімдерінің берілуі бар. Мәселен енді әскерилер мен күштік құрылым өкілдері батырларымыздың ордендерімен марапаталады.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Олардың ерлігін біз ұрпаққа жеткізіп отыруымыз керек. Осы бағытта арнайы заң қабылданды. Біздің үш батырымыздың есімі «Айбын» орденіне берілді. Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаев. Ол өзінің заң тұрғысынан көрініс тапты.
Ұлттық құрылтайда айтылып, арада көп өтпей қолға алынған маңызды мәселелер ішінде құмар ойындар мен лудоманияға қарсы күрес туралы заң да бар. Депутаттардың айтуынша, құрылтай халықтың көкейінде жүрген түйткілдерге шешім табатын алаңға айналды.
Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Бұл елдің, қоғамның ортасында талқыланып жүрген немесе қоғамды әбден қажытқан тақырыптар төңірегінде стратегиялық межелер белгілейтін, қоғамда талқылап, одан кейін президенттің алдына қоятын бір платформа. Президенттің қатысуымен. Оның біразы қазір жүзеге асып жатқанын білеміз.
Нұрсұлтан Тілектес