Солтүстік Қазақстан облысында қала тұрғындары сырттан су тасып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында қала тұрғындары сырттан су тасып жүр

12.12.2024

Солтүстік Қазақстан облысында қала тұрғындары көпқабатты үйде пеш жағып, сырттан су тасып жүр. Өңірде қала мәртебесіне ие, алайда өмір сүру деңгейі ауылдан еш айырмашылығы жоқ 4 елдімекен бар. Солардың бірі – Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласы. Халық саны 7 мыңнан сәл асады. Тұрғындардың тыныс-тіршілігімен әріптесім Эльмира Кәленова танысып қайтты.

Эльмира Кәленова, тілші:

Қалада 50 көпқабатты үй бар. Олардың 20-сы ғана жылыту жүйесіне қосылған. Мәселен, мына баспаналардың тұрғындары 90-шы жылдардан бері пеш жағып отыр.

Аманжол Қалиев қыс түссе, отын жарып, күл шығарады. Ал жазда пештің мұржасын тазалап, жыртығын жамайды. Өзі құрылысшы болғандықтан көппәтерлі үйде қауіпсіздік шараларына баса мән беретінін айтады.

Аманжол Қалиев, Сергеевка қаласының тұрғыны:

Ауылдағыдай пешті осылай жағамыз. Өзіміз отынды сатып аламыз 70 мыңға. Ағаш үй ғой, екі қабатты тұрғын үй. 1,5 сағатта үй ысып кетеді.

Гүлмира Бақтыбаева, Сергеевка қаласының тұрғыны:

Суды сол көшеден аламыз, 1000 мыңгеге сатып алып отырмыз. Сол бір айға жетеді. Осылай алып келеміз. 
 - Қайда пайдаланасыздар?
 - Кір жуамыз, шайға.

Денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласының мамандары ауыл тұрғындарына төленетін 25 пайыздық үстеме ақыдан қағылып жүр. Мектептердің түлектері де оқу грантына ие болу үшін ауылдық квота ала алмайды. Шағын қалалар «Дипломмен ауылға» бағдарламасынан да қалыс қалып отыр.

Ләйлә Рахымберлина, мұғалім:

Жас мамандар үстемеақымен тұрғын үй алу мүмкіндігінен айырылып отыр. Сондықтан жоғары оқу орнын бітірген ұстаздар көбінесе ауылдық жерлерде еңбек етуді жөн санайды.

Шағын қалада ірі өндіріс орындары жоқ. Халықтың дені бюджеттік мекемелерде жұмыс істеп, сауда-саттықпен айналысады.

Ерұлан Ғабдуллин, Сергеевка қаласының әкімі:

Моногород деп бөлінетін қаражат жеткіліксіз болып жатыр. «Ауыл бесігі» арқылы берілетін қаражаттың көлемі жоғары. Жаңағыдай әлеуметтік нысандарды жөндеуге, жол жөндеу, құбырларын жаңадан тартуға көп қаражат беріледі.

Әкімдік өкілдері әсіресе денсаулық сақтау, білім беру саласында кадр тұрақсыздығы өзекті мәселеге айналып отырғанын айтады. Қазақстанда шағын қала мәртебесіне ие 41 елді мекен бар. 30 пайызының халық саны 10 мың адамға жетпейді.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу