Ақтөбе облысына жұмыс сапармен барған Мемлекет басшысы жақында ғана іске қосылған Хромтаудағы «Болашақ» шахтасын аралады.
Айя Мүтәлі, тілші:
Президент аралаған «Болашақ» шахтасы жақында ғана іске қосылған. Мұнда жылына 7,5 млн тонна хром рудасы шығарылады. Жобаға 1 трлн теңге қаржы тартылды. 1800 адам еңбек етеді. Ал кен қазу ісіне автоматты режимде бұрғылайтын қондырғы, қашықтан жер үстінде басқару жүйесі, сондай-ақ жүк көтеру машиналары секілді озық технологиялар мен заманауи құрал жабдықтар қолданылады.
Сергей Прокопьев, «Қазхром» АҚ бас директоры:
Біз үшін бұл стратегиялық маңызы бар жоба әрі Хромтау тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Мұнда тау-кен және геологиялық жағдайлар өте күрделі. Сондықтан шахтаның құрылысында әлемдік жетекші компанияларды көмекке шақырдық. Өнеркәсіптегі қауіпсіздікі қамтамасыз етуде бұрын қолданылмаған жаңа әдістерді енгізудеміз.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды. 45 жылдық тарихы бар білім ордасы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына маман даярлайтын жалғыз кәсіптік колледж. 1157 студент кенші, ұңғылаушы, слесарь секілді мамандықтар бойынша оқып жатыр. Мұнда білім тәжірибесінде тың технологиялар қолданылады.
Президент алдындағы студент:
Мен шахтерлер династиясынан шыққандықтан бала кезімнен тау-кен маманы болуды армандадым. Ата-анамның жолын қуып, Хромтау жоғары колледжіне оқуға түстім. Еңбек табысымның негізі екенін біле отыра және келесі жыл жұмысшы мамандықтар жылы екенін біле отыра біз мақтан тұтатын жыл деп сенемін.
Ал бұл – тірек мектебі. Мұндағы мамандар салалық мұғалім тапшы шалғай елдімекендердегі мектептерге онлайн сабақ береді. Сол үшін білім ошағының базасы жаңартылып, жабдықталған.
Айя Мүтәлі