Шығыс Қазақстан облысы экономикасының 40 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Сондықтан биыл бұл салада 2,1 триллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 3,1 пайызға артық. Ал ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және туризм саласы да артта қалып жатқан жоқ. Соңғы 9 айда ішкі туризм бойынша 6 миллион турист келген. Бүгін облыс әкімі Ермек Көшербаев ақпарат құралдарына 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.
Шығыс Қазақстан алдағы жылдары инвестициялық жобаларға сүйеніп дамиды. Ол үшін құны 913 миллиард теңгенің 40 инвестициялық жобасы дайындалды. Ал биыл 46 миллиард теңге болатын 10 инвестициялық жоба жүзеге асып, ауыр өнеркәсіп саласында 478 жұмыс орны ашылды. Тарбағатай мен Ұлан аудандарында кен байыту комбинаттары салынбақ. Қос зауыт ашылғанда 1300 адам жұмысқа орналасады.
Өңірде өндіріспен қоса ауыл шаруашылығы саласы да өрге басып келеді. Биыл 11 айда 354 миллиардқа жуық теңгенің өнімі өндірілді. Әсіресе майлы дақылдарды өсіру мен өңдеуде елімізде бірінші орынға шықты. Нәтижесінде өсімдік майын тасымалдауға бірнеше ірі келісім шарт бекітілді.
Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
ҚХР халықаралық көрмесінде 11 млн доллардың келісім шартына қол қойылды. Самарқандта өткен 4-інші «Қазақстан-Өзбекстан» халықаралық ынтымақтастық форумында 12 млн долларға келісім шарт жасалды. Шанхайдағы 7-ші халықаралық импорт көрмесінде B2B келіссөздердің нәтижесінде 3 млн долларға келісім шарт жасалды.
Экспорттық әлеует арту үшін өндірілген өнім сапалы болуы міндетті. Сондықтан шығыста әлемдік талапқа сай ветеринарлық зертхана салынады.
Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Өнімді экспорттайтын негізгі ел – Қытай. Халықаралық стандарттарға сай аккредитациялау жүйесінде тіркеліп, алыс-беріс операцияларын жүргізуге рұқсатнама құжаттарын беретін болады. Келесі жылы 3 миллиард теңгеге материалдық базаны күшейту жоспарланған.
Облыста жылына 20 мың тонна сүт және 33 мың тонна ет өндіреді. Өңірде өзен мен көл көп. Сондықтан балық шаруашылығын дамыту негізгі міндеттің бірі.
Аймақта 16 балық шаруашылығы жылына 2200 тонна өнім өндіреді. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 10 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Аймақта көрші мемлекеттермен алыс-беріс те біртіндеп артып келеді.
Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қытай тарапымен бірлесіп Марқакөл және Қанас көлдері арасында трансшекаралық туристік маршрут ұйымдастыруды көздеп отырмыз.
Жақсы инфрақұрылым болса ел басқа саланың игілігіне тез қол жеткізеді. Сондықтан облыста үш жыл «Жол жылы» болып жарияланды. Тек биыл облыстық маңыздағы 600 шақырым жол жөнделді. Бұл жұмыс келер жылы да жалғасады. Ол үшін өңір бюджетінен 14 миллиард теңге бөлінбек.
Олжас Керейхан
