Басты Жаңалықтар Жұрты көшкен жұпыны ауыл көбейіп барады

Жұрты көшкен жұпыны ауыл көбейіп барады

Шығыста соңғы 10 жылда 30 елдімекен таратылды. Қазір 50 адамнан аз тұратын тағы 25 ауыл жабылудың аз алдында тұр. Бұлардың басым бөлігінде инфрақұрылым нашар, шалғайда қоныс тепкен. Болашағы бұлыңғыр деп танылған бірнеше ауылға тілшіміз Олжас Керейхан арнайы барып, тұрғындардың қазіргі тыныс-тіршілгін көріп қайтты.

Халықтың күнкөрісі – балық. Сондықтан Жолнұсқау, Ақсуат, Аманат ауылдарының тіршілігі тікелей Зайсан көліне тәуелді. Бұрын ауылда балық өңдеу зауыты да болған. Ол жабылған соң тұрғындардың саны да азайды. Ақсуатта бүгінде 63 отбасы бар. Бірақ көш әлі тоқтаған жоқ.

Әсет Ибрагимов, Ақсуат ауылының тұрғыны:

Балық өңдейтін зауыт салса, жүмыс орындарын ашса, халық қайтадан көшіп келетін шығар. Көшіп кетіп жатыр. Биыл 4 үй көшіп кетті. Халық азайып қалды.

Халық азайып қалса да, ауылда әкімшілік пен әлеуметтік мекемелер жұмысын тоқтатқан жоқ. 2015 жылы салынған 100 орындық мектепте қазір 33 бала оқиды. Дегенмен Ақсуаттағы тұрғындар ауылының болашағына сенеді. Интернет,су, жарық бәрі бар. Енді балық зауыты да салынуы мүмкін.

Бұл Күршімнен 35 шақырымдағы шағын ғана Қайнар ауылы. Жиырма бес тұрғыны бар. Болашағы бұлыңғыр елдімекендердің тізімінде тұр.

Олжас Керейхан, тілші:

Бұрын бұл төрт түлігі түлеген ауыл болатын. Қазір жүдеген. 2013 жылы мектеп жабылған соң, халық үдере көшкен. Бүгінде қалған 14 отбасы тек мал ұстап күнелтіп отыр. Қайнарлықтар үшін ең негізі мәселе – жол мен жарық. Әсіресе қазіргідей қыста қиын.

Роза Науырзбаева, Қайнар ауылының тұрғыны:

Біз Үкіметтен ештеңе сұрап отырғанымыз жоқ. Тек жолымызды күреп тұрса дейміз. Содан кейін электр энергиямыз болып тұрса, артық ештеңе сұрамаймыз. Қазір көшіңдер десе де, көшпейміз ешқайсысымыз.

Көшейін десе де, көше алмай отырған отбасылар бар. Солардың бірі – Екатерина Бейсенбаева. Жалғызбасты әйел екі сиырдың сүтін сатып күн көріп отыр.

Екатерина Бейсенбаева, Қайнар ауылының тұрғыны:

Жабылып қалса, әрин,е қиын. Қазір үйлер де қымбаттап кетті. Біз сол екі-үш сиырмен қайда барамыз. Ала алмаймыз ғой үйді.

Ауылдарды сақтап қалу үшін аймақтағы атқамінерлер оңтүстіктегі облыстардан отбасыларды әкеп жатыр. Былтырдан тек Күршім ауданына 16 түтін келді.

Мейіржан Әлібеков, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

Қазіргі уақытта тоғыз отбасы көшіп келді. Жақын арада ауданның делегаттары Қызылорда облысына барып қайтты. Бұл жұмыс одан ары жалғасын табады.

Соңғы 7 жылда өңірге 1100-ден аса отбасы көшіп келіп, олардың көбі жан саны аз ауылдарға қоныстанып, мал өсіріп, кәсіп ашып жатыр.


Олжас Керейхан

Бөлісу