Қарағанды іргесіндегі жеке сектор тұрғындары медициналық қалдықтарды жоятын пеш құрылысына қарсы шықты. Онсызда түтінге тұншығып отырған жұртшылық улы заттар ауаға тарайтынын айтып шағымдануда. Ал кәсіпкер ешкімге қарамай жұмысты бастап кеткен. Әріптесім Жандос Бақытұлы тұрғындардың жанайқайын тыңдап келді.
Курянов елдімекені түрлі өнеркәсіп орындарының қақ ортасында орналасқан. Зауыт түтіні де, одан шығатын күл шаңы да ауыл төбесіне қара бұлттай үйіріледі де тұрады. Оған енді медициналық қалдықтарды жоятын пеш қосылды. Тұрғындар мұржадан шыққан түтін денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді, деп алаңдаушылық білдіріп отыр.
Сайлаубек Маяузов, ауыл тұрғыны:
Маңайымыз толған экологияға қарсы заводтар. Зоолотвал бәрін салып тастады. Бізге бұл заводтың керегі жоқ. Онсызда экологиямыз оңбай тұр. Кішкентай балалар ауырып жатыр. Үлкен кісілер ауырып жатыр. Бізге таза ауа керек.
Ең қызығы кәсіпкер құны 30 млн тұратын пешті ешқандай рұқсатсыз ауылға орнатып қойған. Онда мерзімі өткен дәрілерді жағып, ауылға жарнамалап жар салуда. Бар айтар уәжі «пештен зиянды қалдықтар ауаға тарамайды» - дейді.
Мейрам Қазымов, кәсіпкер:
Қарағанды облысында ондай пеш жоқ. Өте жақсы, өте тамаша таза нәрсе. Халықтың көзін ашу керек. Өйткені халық көрмеді ондай пешті. Ешқандай зиян жоқ. Экология таза болады. Қарағанды бойынша ондай пеш жоқ.
Ал жауапты экологтар пешті алғаш көргендерін айтып, таң қалды. Айтуынша, жаңа қондырғы мемлекеттік сараптамадан өтпей, рұқсатсыз орнатылған. Енді оны тексерейін десе заң бойынша құқы жоқ.
Дамир Рамаев, облыстық экология департаментінің бас маманы:
Бұл заңға қайшы. Бірақ кәсіпкерлердің кодексі бар. Ол жерде бизнес өкілдерінің құқығы қорғалады. Сондықтан біз біреу айтты деп тексеріс аша алмаймыз. Ол үшін тұрғындардың жазбаша шағымы болу керек.
Енді орнатылып, іске дайын тұрған пештің тағдыры 17-желтоқсан күні, ресми қоғамдық тыңдалымда шешілмек. Мұндай пеш Қарағанды қаласында да орнатылуы мүмкін. Тіпті, арнайы рұқсаты да бар екен. Алайда тұрғындар түбегейлі қарсылық танытуда.
Жандос Бақытұлы