Мәжіліс «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңды қабылдады. Республикалық бюджеттің кірісі (трансферттерді есептемегенде) салық түсімдерінің 3,1 трлн теңгеге азаюына және салықтық емес түсімдердің 1,1 трлн теңгеге ұлғаюына байланысты 2 трлн теңгеге азайды.
Соған сәйкес Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды. Қаржы министрі М.Тәкиев осылай деп отыр. Ал негізі Үкімет бюджетті олай да, былай да өзгертіп жүр.
Сөйтсе 9 емес, 10 рет түзетіпті. Оны енді Ұлттық экономика министрі айтты. Әдетте «одан аз» дегенді еститін едік. Парламент Мәжілісінің төрағасы да оның несіне мақтанасыз дегенге келтірді.
Ұлттық қордан ақша ала беру алаңдатарлық деңгейге жеткені өз алдына, ұлттық валютаның құнсызданып бара жатқаны қатты ойландырады. Ұлттық валюта саясатына жауапты Ұлттық банк, ал банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин өткен аптада 1 доллардың 500 теңгеден асып кеткеніне орай «бұл жай ғана сан» деген еді.
Тіпті «бүгін 500, ертең 600» деп мұртын балта шаппайтын адамдай сөйлеген. Сөзбе-көз келтірейік:
Ақша айырбастау орындары бағамды өздері бекітеді. Бұл олардың бизнесі. 500 – бұл жай ғана сан, оған байланып қалудың қажеті жоқ. Бүгін – 500, ертең – 600. Бағам сұраныс пен ұсыныс қатынасына қарай қалыптасады. Қазіргі уақытта ұсыныс сұранысты жауып тұр.
Мұны Т.Сүлейменов Д.Трамптың АҚШ президенті болып сайлануымен байланыстырады. «...Бұл Трамптың келуімен байланысты. Бәрі «енді Америка алға ентелей ұмтылады» деп бұқадай атылатын көңіл күйде» дейді ҰБ төрағасы.
Сөйтіп Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізетінін жариялады. Бұл дегеніңіз шетел валютасын нарықта сатып алып немесе сата отырып, ұлттық валютаның бағамына әсер ету үшін жасалатын әрекет. Мысалы, егер теңге әлсіресе Ұлттық банк резервтерінен доллар сатады. Бұл доллардың нарықтағы мөлшерін арттырып, оған сұраныс азаяды.
Нәтижесінде доллар бағамы төмендеп, теңге нығаюы керек. Бірақ біздің өмірде қалай болады? Дәл осыған «уақыт көрсетеді» деген тіркес келіп тұр.
1 АҚШ долларының құны орташа алғанда сатып алу 514, сату 523 теңге болып тұр.