Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі

27.11.2024

Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы - берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі. Мемлекет басшысы Ресейде шығатын «Известия» газетіне жарияланған мақаласында осылай деді. Онда екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы тығыз астасып жатқан тарихи және мәдени байланыстарға, сондай-ақ қос халықтың болашағына қатысты ортақ жауапкершілікке негізделгені айтылған. Ортақ мүдде мен өзара сыйластық және жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалогтің арқасында мемлекеттердің сауда-экономика саласындағы ықпалдастығы тұрақты түрде дамып келетіндігі де сөз болды.

Қасым- Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы соңғы бір жылдың ішінде құрылды. Біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары екені осыдан-ақ айқын көрінеді. Екіжақты инвестиция көлемі де ұлғая түсті. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Елдеріміз бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, инвесторларды қолдауға қажетті барлық жағдайды жасап отыр.

Мақалада екі елдің энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылып, қазірдің өзінде 49 жоба жүзеге асырылып жатқаны жазылған. Одан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақтың табысты жұмысы да сөз болды.

Қасым- Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа 10 жыл толды. Қазақстан мен Ресей жаһандық бәсекеге қабілетін арттыру үшін әуел бастан жан-жақты ықпалдастық пен байланысты дәйекті түрде нығайтуға ұмтылды. Сол себепті, бірлестік құру туралы бастама көтеріп, осы ұйымның негізін қалады. Содан бері Еуразия экономикалық одағы оған мүше мемлекеттердің экономикалық саясатын интеграциялау және өзара сауда-саттықты дамыту үдерісі табысты жүзеге асып жатқан аса маңызды платформа ретінде өзінің тиімділігін көрсетті.

Баспасөз бетінде Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарының маңызы мен талқыланатын негізгі мәселелер де жарияланған.

Қасым- Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астанада өтетін кездесуде Ресей Президентімен бірге сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ауқымды мәселелерді талқылаймыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық барысын пысықтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қазір, өкінішке қарай, қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасамыз.

Сондай-ақ Президент БРИКС ұйымының Қазан қаласындағы тарихи саммиті өте нәтижелі болғанын атап өтті. Сөз соңында 2025 жылы көптеген бірлескен бастамалар мен ортақ жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік болатынына сенім білдірді.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу