Жаңа заңдағы баспаналы болудың тетіктері қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа заңдағы баспаналы болудың тетіктері қандай?

25.11.2024

Келесі аптадан бастап сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үйлерді азаматтар өз атына аудара алады. Жекешелендіру үшін тұрғындар әкімдікке жүгінуі керек. Заңдағы бұл өзгеріс конкурс арқылы пәтер алғандарға қатысы жоқ. Олар жалдау мерзімі аяқталған соң үйді босатуы шарт. Тұрғын үй саясатын реформалауға арналған заңның өзгеде жаңалықтарын Асылбек Данияр рет-ретімен түсіндіреді.

Асылбек Данияр, тілші:

Баспанаға мұқтаж кез келген адам тұрғын үй кезегіне тұра алады. Азаматтар банкке бармай-ақ, онлайн өтінім береді. Бастысы, соңғы 5 жылда атында үй болмау керек. Өтінім бергендердің мәліметі 8 дереккөз базасымен тексеріледі.

Сондай-ақ өзгертілген заң бойынша енді баспана бірінші кезекте үш емес сегіз санатқа беріледі. Олар: Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар, басқа мемлекеттердің аумағында әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жесірлер. Тиісінеше, жыл сайын берілетін үйдің 70 пайызы осы азаматтарға үлестіріледі.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үйлерді жекешелендіру жайына тоқталсақ. Оған тек әлеуметтік осал топқа жататын және апаттық жағдайда деп танылған үйі бар азаматтар қатыса алады. Ол үшін бастапқы 30 пайыз жарнаны төлеу керек. Одан соң 10 жылға дейін пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі. Жалпы, жекешелендіруге берілген нақты уақыт жоқ. Заңда жетім балаларға жеңілдік қарастырылған. Бұрынғыдай кезекке тұру үшін 1 жыл тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу міндеттелмейді. Облыс ішіндегі кезегін ауыстыра алады. Бұдан бөлек, отан алдындағы қызметін өтеу барысында қаза тапқан азаматтардың отбасыларына 1 жылдың ішінде кезексіз тұрғын үй беріледі. Ипотекасы болса, бірден жабылады.

Ал, баспана кезегін жергілікті әкімдік емес тікелей «Отбасы банк» реттейді. Ол үшін алдағы жарты жылдың ішінде банк жанынан «Тұрғын үймен қамтамасыз ету» орталығы құрылады. Мұнда баспана кезегіне қою, кезектің сақталуын қадағалау, кезектегілерге тұрғын үй үлестіру жұмыстары реттеледі. Үйі барлар кезектен шығарылады. Ал «Отбасы банкке» ұлттық даму институты мәртебесі берілді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу