Президент мемлекеттік сапармен Мажарстанға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент мемлекеттік сапармен Мажарстанға барды

20.11.2024

Нөмірі бірінші борт Белградтан кейін Будапешт әуежайына қонды. Кеше кешкісін Президент мемлекеттік сапармен Мажарстанға барды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде осы елге алғаш рет ат басын бұрып отыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қазақ пен мажар тарихы тамырлас, түбі бір халықтар. Екі елдің арасы мыңдаған шақырым болғанымен тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпалары қазіргі Мажарстанның негізін қалады. Мың жыл өтсе де екі елдің арасындағы байланыс көпірі үзілген жоқ.

Мэлс Қайырбекұлы, тарихшы:

Мадиярлардың негізгі мекендеген аймағы бұл Орал тауларының баурайында мекендеген. Кейіннен 5-7 ғасырда шығыстан батысқа қоныс аудару жүреді. Ерте орта ғасырда шығыс еуропа аймағына барады. Сол аймақта мекендеп, өз мемлекетін құрады.

Кәрі құрлықтың қақ ортасында тұрған мажар жұрты болмысынан бөлінбей, жылнамасын жадында сақтап келеді. Бүгінде Түркі мемлекеттерінің ұйымында бақылаушы болып, бірлікке үндеген бастамалар көтеріп жүр.

Қанат Серікбайұлы, Түркі мемлекеттер ұйымының Мажарстандағы өкілдігінің жобалар директоры:

2008 жылдан мүше болғаннан бастап Мажарстан бірнеше ірі қадамдарды басты. Оның бірі осы еуропада, Мажарстанда өкілдіктің ашылуы. Одан кейін құрғақшылықтың алдын алу институтының құрылуы. Түркі инвестициялық қорына Мажарстан өз контрибуциясын төлей бастады. Бұдан бөлек жылда түркі елдерінен келген 2 мың студентке шәкіртақы беруде.

Қос ел арасындағы барыс-келіс те белсенді. Былтыр сауда-саттық 190 млн АҚШ долларына жуықтаған. Биыл тағы 4 пайызға өсті. Қазақстан Мажар еліне су сорғылары мен желдеткіштер, балық өнімдері, косметика, машина жабдықтарын сатып жатыр. Ал Мажарстаннан бізге дәрі-дәрмек, тыңайтқыш, жүгері, дөңгелек, теміржол техникасы келеді. Дегенмен сарапшылардың пайымынша елдердің әлеуеті одан да жоғары.

Ласло Ваша, Мажарстан сыртқы істер институтының аға ғылыми қызметкері:

Мажарстан он жыл бұрын «Шығысқа есік ашу» саясатын бастаған. Оның түпкі мақсаты Қазақстан, Түркия, Қытай елдерінің нарығына шығу. Себебі біздің елдің экономикасы батыс мемлекеттермен өте тығыз байланған. Екі елдің алыс-берісіне әсер ететін тағы бір фактор ол Қазақстандағы инвестициялық ахуал. Қазақстанда шетелдік бизнесмендерге бір терезе саясаты жүргізіледі. Бұл инвесторларға барынша жағдай жасалғанын көрсетеді.

Қазақ басшысы соңғы рет Будапештке 2007-жылы сапарлаған. Президент Тоқаевтың келуі екі ел байланысына серпіліс береді дейді сарапшылар. Мемлекет басшысын әуежайдан Премьер-министр Виктор Орбанның өзі қарсы алды. Дипломатия тілінде бұл ең үлкен құрметтің белгісі.

Ұшақтан түсе сала Президент пен премьер Мажарстан мен Германия арасындағы футбол ойынын көруге барды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Әлемге әйгілі кубик-рубик Мажарстанда ойлап табылған. Қазіргі біз жазып жүрген қаламсаптардың да отаны осы ел. Жалпы Мажар жері өнертапқыштар мен ғалымдарға бай. Нобель сыйлығының 15 лауреаты осы елдің тумасы.

Жергілікті университеттер әлемнің үздік оқу орындарының қатарына кіреді. Мажарстан үкіметі жыл сайын қазақ жастарына 250 грант ұсынып отыр. Бүгінде бұл елде мыңнан аса отандасымыз білім алып жатыр.

Ақарыс Тайшығұлов, студент:

Бұл жерге әлемнің түкпір-түкпірінен әртүрлі мемлекеттен студенттер келеді. Жақсы халықаралық тәжірибе жинайсың. Осы жақта жұмыс істеп, белгілі бір тәжірибе жинап, әрине елге қайту жоспарымда бар.

Түркология ғылымының құрлықтағы ең ірі орталығы да осы елде. Қазақшаға қызыққандар көп. Солардың бірі Ференц Ласло. Ол екі жылда тіл меңгерген. Ендігі арманы Қазақстанға саяхаттау.

Ференц Ласло Фейеш, студент:

Әрине бір тіл өте қиын. Бірақ мен түрколог болғандықтан бәлкім мен үшін шамалы оңайырақ. Мажарстанда оқитын қазақ студенттер көп. Олардан көп досым бар. Олармен әрине қазақша сөйлеуге тырысамын. Бірақ кейде қиын болады.

Айдана Смағұл, тіл педагогикасы және қолданбалы ағылшын лингвистикасы докторлық бағдарламасының PHD кандидаты:

Жалпы осы университетте қазақ тілі жарияланғанда 21-жылы өте көп студент қызықты. Өйткені көптен бері оқығысы кеп жүрген студенттер, басқа университеттен қатысқандар да болды. Тек қана түркология бөлімі ғана емес, менің студенттерімнің арасында осы лингвистика бойынша, тіпті экономика оқып жүрген студенттер келіп қатысты сабаққа.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Биыл Қазақстан мен Мажарстанның стратегиялық серіктестік туралы құжатқа қол қойғанына 10 жыл. Қос ел таяу арада тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуді көздейді. Бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары аясында бірқатар маңызды кездесу мен келісімдер жоспарланған.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу