Ұлттық құрама ұлттар лигасында бірде-бір гол соға алмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық құрама ұлттар лигасында бірде-бір гол соға алмады

18.11.2024

Футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасында антирекорд орнатты. Станислав Черчесовтың шәкірттері биылғы маусымдағы алты кездесудің біреуінде де жеңіске жете алмады. Тек Алматыда Норвегияға қарсы өткізген ойында ғана тең түсті. Қарсыластардың қақпасынан саңылау таппай, бірде-бір гол соға алмаған футболшыларымыз өз қақпасына 15 гол жіберіп алды. Осылайша, В дивизионында ойнаған Ұлттық құрама 1 ұпаймен соңғы орынды иеленіп, С дивизионына түсіп қалды.

Айта кетейік, кешегі сырт алаңда Норвегияға қарсы ойында ел құрамасы қарсыласына 0:5 есебімен есе жіберді. Топта бірінші орын алған Норвегия А лигасына жолдама алды. Енді қазақстандық футболшылар 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріне дайындалады. Спорт сарапшысы Бек Төлеудің айтуынша, мұндай сәтсіздікке команданың қайта жасақталуы және бас бапкердің ұстанған тактикасының дұрыс болмауы себеп.

Бек Төлеу, спорт сарапшысы:

Бірінші себеп, бас бапкердің өзі кінәлі деп ойлаймын: ойыншыларды таңдауы, тактика. Легионерлерге қойылған лимиттің алынып тасталуына байланысты ойыншылардың көбінде практика жоқ. Түркияда ойнайтын Бахиер Зайнудинов, Абат Айымбетовтердің өзі алаңға сирек шығады. Бахиер тіпті, алаңға шығып та жүрген жоқ. Ұлттық құрамаға келгенде ғана ойнайды. Осының барлығы осындай маңызды матчтарда білініп жатыр.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу