«Balapan» телеарнасы 2025 жылға арналған анимациялық жобаларды іріктеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Balapan» телеарнасы 2025 жылға арналған анимациялық жобаларды іріктеді

16.11.2024

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Balapan» телеарнасы анимация өндіруші компаниялармен ашық талқылау өткізді. Конкурсқа 70 компаниядан 100-ге жуық өнім келіп түсті. Іріктелген 20 өндіруші 28 жобаны таныстырды. Анимациялардың тақырыптық бағыты ретінде киберқауіпсіздік, балалар құқығын қорғау, салауатты өмір салты, экологиялық мәдениет және ұлттық фольклор мен тарихи тұлғаларды танытуға басымдық берілген.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:

Біз негізі жылына бірнеше рет осындай питчингтер өткіземіз. Оның мақсаты, қазір өздеріңіз білесіздер балалардың санасы да, психологиясы да өзгеріп жатыр. Бізде оған ілесіп отыруымыз керек. Соңғы тренд, тенденцияларды сақтау керекпіз. Сонымен қоса, ең басты біздің жұмысымызда түсіретін акцентіміз қазіргі балалардың, өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына қазақи қасиеттерді сіңіруіміз керек. Әрине идея өте көп. Идея жағынан қақақстандағы аниматорлар кем емес. Ең бастысы сол идеяларды дұрыс іске асыра алатын продакшндар керек. Мәселе сода, сапада.

Ашық питчинг қорытындысы жыл соңында жарияланады. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жыл сайын 350 серияға жуық анимациялық жоба түсіреді. Одан бөлек, 1300 бөлімге жуық шетелдің үздік деген анимациялық мультфильмдерін қазақ тіліне дубляждайды.

Жанат Жайлыбай, продюсер-сценарист:

Дәл осы пичингке бір анимациялық телехикая ұсындым, 20 бөлімнен тұрады. «Көзсіз батыр Нөни» деп аталады. Өзін батырмын деп санайтын борсыңтың, суырдың оқиғалары. Осы уақытқа дейін «Балапан» арнасына 10-ға жуық анимациялық телехикая ұсындық. Тақырыптарға қойылған талаптардың ішінде отбасылық тәрбие және экологиялық қауіпсіздік деген сияқты тақырыптарды қолдандық.

 Қасиет Сақиолла, продюсер:

Жалпы балаларды патриоттық сезімге, мемлекетке сүйіспеншілікке деген сияқты тақырыптарды беретінбіз. Енді биыл тағы да өзгеше дүниелерді қостық. Балалардың күнделікті өмірінде әртүрлі мәселелер болады. Соны балалардың тілімен жеңіл, сүйікді қылып жеткізу үшін сол тақырыпты алып шығатын жаңа жобаларды ұсындық.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу