Елімізде күн сайын 100 адамнан қант диабеті анықталады. Тіпті балалар арасында да көбейген. Бұл дәрігерлерді алаңдатып отыр. Емі жоқ аурудан қалай сақтанған жөн? Алдын алу шаралары жайында Асылбек Данияр айтады.
Халықаралық диабет федерациясының дерегінше әлемде қант диабетімен ауыратын жарты миллиардтан астам адам бар. Ал, елімізде 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша, осы диагноз жарты миллионнан аса адамға қойылған. Оның 90 пайыздан астамы қант диабетінің 2-типімен есепте тұрады.
Бұрын бұл ауру 50-ден асқан адамдардарға тән болса, қазір жас талғамайды, дейді дәрігерлер. Тіпті, қант диабеті жаңа туылған нәрестелерде де анықталып жүр. Оның бірден-бір белгісі – баланың артық салмақпен туылуы. Сала мамандарының сөзінше, дерт тұқым қуалайды. Ал, іштегі балаға ананың дұрыс тамақтанбауы әсер етеді, дейді.
Ардақ Байбараққызы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, нутрициология кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
Соңғы ғылыми зерттеулердің мәліметі бойынша яғни жүктіліктің барысы тікелей құрсақтағы ұрықтың ересек кезіндегі денсаулық жағдайына тікелей әсері бар екені жайлы мәліметтер бар. Сол себептен жүкітіліктің барысында сондай зиянды өнімдерді шектеу, керісінше, көкеністер мен жеміс-жидектердің үлесін арттыру арқылы сонымен бірге, жануар нәруызының мөлшерін арттыру арқылы қадағалауымыз қажетпіз.
Елімізде қант диабетімен дәрігер есебінде тұрған балаларға мемлекет тарапынан тегін инсулин мен инсулиндік помпа аппараты беріледі.
Әсем Омарова, балалар эндокринологы:
Балаларда көбіне кездесетіні 1-типтегі қант диабеті. Және бізде қазірге кезде 2-тип диабеті балаларда көбейіп жатыр. Себебі балаларда тамақтану ережесі бұзылған. Бірінші тип диабеті ұйқы безінде абсолютті инсулинді жетіспеушіліктен пайда болады. Сондықтан ондай балалар өмір бойы инсулин алады.
Қант диабеті - бұл жай ауру емес. Науқастың басқа да ауруларын қоздырып, мүгедектік қылуы мүмкін. Тіпті, асқынып кетсе өлімге әкеледі. Дәрігерлер әлі күнге емі жоқ дертпен күресте белсенді болуға шақырады. Аурудың алғашқы белгілері: көп су ішу, тәбеттің жоғарылауы және кіші дәреттің жиілеуі.
Сондықтан, дәрігерлер артық салмақ қоспауға, күн сайын спортпен айналысуға, дұрыс тамақтануға, қант пен майлылығы жоғары тағамдарды тұтынбауға, темекі шегуден бас тартуға шақырады.
Асылбек Данияр