Жаңа жылдан бастап зейнетақы мөлшері өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жылдан бастап зейнетақы мөлшері өседі

14.11.2024

Жаңа жылдан бастап зейнетақы өседі. Дәлірегі, оның мөлшері азаматтардың жасына және еңбек өтіліне қарай 8,5%-ға артады. Зейнетақы жүйесіндегі маңызды өзгерістер жайында Айя Мүтәлі анықтап білді.

Айя Мүтәлі, тілші:

Мәжіліс жуырда ғана мемлекеттік бюджетті бекітті. Оның басым бөлігі әдеттегідей әлеуметтік салаға бағытталған. Құжатқа сәйкес, келесі жылы зейнетақы төлемдеріне қазынадан 4 трлн 231 млрд теңге бөлінетін болды. Осылайша, еліміздегі барлық, яғни 2 млн 400 мың зейнеткердің төлемі өседі. Базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің төменгі шегіне қарай өзгереді. Ал оның мөлшері жаңа жылдан бастап 43 мың теңгеден 46 мыңға ұлғаяды. Осылайша, базалық зейнетақы 28 мыңнан 32 мыңға, ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 мыңнан 62 мың теңгеге өседі.

Тағы бір өзгеріс, келесі жылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасына төлейтін қаражаты көбейеді. Яғни, ай сайынғы он пайыздық жарнадан бөлек кәсіпкерлер жұмысшыларына өз есебінен 1,5 пайыз емес, 2,5 пайыз мөлшерде төлем аударуы тиіс. Ал қорға түсетін сома ең төменгі жалақы мөлшерімен есептеліп, 50 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Айта кетерлігі, жұмыс берушілер мұндай жарнаны 1 және 2 топтағы мүгедектіктері бар азаматтар, әскери қызметкерлер және 1975 жылдың 1 қаңтарына дейін туған азаматтар үшін төлемесе болады. Себебі, олар бұл төлемнен босатылған.

  Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу