Басты Жаңалықтар Балқаш қаласындағы жер үй тұрғындары орталық жылу жүйесіне қосыла алмай келеді

Балқаш қаласындағы жер үй тұрғындары орталық жылу жүйесіне қосыла алмай келеді

Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы жер үйлердің тұрғындары орталық жылу желісіне жылдар бойы қосыла алмай келеді. Жауаптылар жылу электр орталығының күші жетпейді дейді. Алайда қаладан 14 шақырым жерде орналасқан ауылға жылу желісі тартылған. Қаланың іргесіндегі мыңға жуық тұрғынды алаңдатқан мәселе қашан шешіледі? Әріптесім Жандос Бақытұлы анықтады.

70-ті алқымдаған Рәзилә Нұрымжанова әлі күнге дейін қолына шелегін алып көмір тасып, пеш жағады. Қала іргесінде тұрса да, орталық жылуға қосыла алмай келеді.

Рәзилә Нұрымжанова, Балқаш қаласының тұрғыны:

30 жыл болды от жағып келе жатқаныма. Балалардың бәрі жұмыста. Көмірдің тоннасы 24 мың. Оған камаз жалдаймын 10 мыңға. Алатын пенсиям 70 мың теңге. 10 тонна жағам. Сонда есепте. Қаланың іргесінде отырмын, Абай көшесінен 4-ақ үй жетпейді.

Жеке сектор тұрғындары қыста кемі 5-6 тонна көмір жағады. Пештен шыққан қара түтін қаланы тұтастай тұмшалап тастайды.

Қарлығаш Қалиева, Балқаш қаласының тұрғыны:

Жан-жақтың бәрі жер үйлер. Ортасында көпқабатты үйлер. Ал енді біз қысы-жазы түтін шығарамыз. Этаж үйлер шағым тастайды. “Кіріміз қап-қара болды. Терезе аша алмаймыз” - дейді. Біз не істейміз? Отын жағу керек.

Шаһардың шетіндегі үйлерге жылу жетпей жатқанда, Балқаштан 14 шақырым жерде орналасқан Қоңырат ауылына жылу магистарлі тартылған. Содан бері төрт жыл өтті. Қаладағы жеке үйлер де орталық желіге қосылады деп уәде еткен жергілікті биліктің сөзі жерде қалды дейді жұрт.

Сембек Әбубеков, Балқаш қаласының тұрғыны:

Қоңыратқа тартпай, соны бізге тартса, оларға жеке қазандық салып берсе, жақсы болар еді. Жұмысшылар кенті мен ықшамаудан қысымы бірдей.

Қазіргі жауаптылардың айтуынша, іргедегі емес, алыстағы ауылға құбыр тарту бұрынғы әкімнің ісі көрінеді. Бұл жолы да ақ жағалылар көп ұзамай мәселе шешіледі деп сендіріп отыр.

Берік Бекмағанбетов, Балқаш қаласы ТҮКШ басқармасының басшысы:

Қазір ЖЭО-ға 2027 жылы қосымша насос қою жоспарда. Ол барлық қалаға жетеді. Бірақ басқа жолдар қарастырылып жатыр. Егер шешіліп кетсе, ерте жасауға тырысамыз.

Балқашта жылу құбырлары кезең-кезеңімен жаңартылды. Ал Теміртауда биыл 38 шақырым жылу желілері ретке келтірілді. Бірақ қаладағы құбырлардың 68 пайызын түгел ауыстыру керек. Саранның жағдайы тіпті бөлек. Биыл су жаңа орталық қазандық іске қосылғанымен, алғашқы аязда-ақ сыр беріп, 100-ге жуық үй жылусыз қалды. Мәселе Үкімет араласқан соң шешімін тапты.


Жандос Бақытұлы

Бөлісу