Қазақстандықтар соңғы 2 жылда конституциялық сотқа 8 мыңнан астам өтініш берген. Олар толық қаралып, 2 мыңға жуық өтініш бойынша кей заңның конституцияға сәйкес келмейтіні анықталған. Яғни азаматтардың конституциялық құқығына нұқсан келген. Оларды түзету бойынша 50 ден астам нормативтік қаулы қабылданыпты. Бүгін Сенатта Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен осы тақырыпқа арналған дөңгелек үстел өтті. Қазір сенаторлар мен судьялар бірлесіп Конституциялық Сот шешімдерінің орындалуын құқықтық тұрғыдан реттеуді жетілдіретін заң жобасын әзірлеп жатыр. Сенат төрағасы отырысқа қатысушыларды Мемлекет басшысының конституциялық бақылау рәсіміне қатысты тапсырмаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға үнемі баса мән беріп келеді. Конституциялық соттың құрылуы әділетті және құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы аса маңызды қадам. Сондай-ақ, ол адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың және конституцияның үстемдігін қамтамасыз етудің пәрменді институционалдық тетігі.
Оңғар Алпысбайұлы