Моңғолияға ресми сапар: Қазақстан Президенті Шыңғыс хан ұлттық музейіне арнайы барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолияға ресми сапар: Қазақстан Президенті Шыңғыс хан ұлттық музейіне арнайы барды

03.11.2024

Қазақстан Президенті Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында Ұлан-Батыр қаласындағы Шыңғыс хан ұлттық музейін арнайы барып көрген. Бес жыл бұрын ашылған музей қорында 10 мыңнан астам жәдігер бар. Экспозицияның негізгі бөлігі Шыңғыс хан тұлғасына арналған. Бұдан бөлек, көрмеде Ғұн дәуірінен бастап, XX ғасырға дейінгі Моңғол мемлекетінің қалыптасу кезеңдерін толық қамтитын артефактілер қойылған. Қ. Тоқаев құрметті қонақтар кітабына: «Шыңғыс хан ұлттық музейі – ұлы тұлғаның және тұтас мемлекеттің шежіресі. Руханият ордасы ел игілігіне қызмет ете берсін. Моңғолия халқының мерейі үстем болсын!»,-деген лебіз қалдырған.

Ал сапарға келсек, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларацияға, сонымен бірге 12 құжатқа қол қойылды.

Былтыр сауда-саттық көлемі 150 миллион долларға жуықтады. Жоспар - 500 миллион долларға жеткізу. Сауда-экономикалық байланысты арттыру жөніндегі жол картасына қол қойылды. Нақты келісімдерге келсек: Қазақстанда мал ауруларына қарсы вакцина шығаруға мүмкіндік бар. Осы орайда Моңғолияда вакцина өндірісін ашуға келіскен. Қазақстан кәсіпкерлері Моңғолияның тау-кен саласын зерттеуге дайын. Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін кеңейту үшін екі ел арасындағы көлік қатынасын жетілдіру туралы айтқан.

Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух қазақ пен моңғолды ежелден тарихи, мәдени және рухани мұралар біріктіретінін атап өтті.

Қазақстан басшысы «Моңғол жастары үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарының есігі ашық. Сондай-ақ ғалымдарымыз бен зиялы қауым өкілдерін ортақ тарихымызды бірлесе зерттеуге шақырамын», сосын «Моңғолиядағы қазақ диаспорасы – берік достықтың алтын көпірі. Қандастарымызға қамқор болып жүрген Моңғолия басшылығы мен халқына алғыс айтамыз»,-деген. 


Хабарламаларға жазылу