Президент мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстады

27.10.2024

Аqorda телеграм арнасының хабарлауынша, ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияға мемлекеттік сапармен барады. Моңғолия Президенті Ухна-агийн Хурэл-сухпен келіссөз жүргізеді.

Сонымен бірге Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы және Премьер-министрімен кездеседі. Бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.

Өткен жұмада Республика күні өтті. Сол күні Президент «Ақорда» резиденциясының алдында Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты.

Құрмет қарауылының бастығы Президентке рапорт берді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды.

Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған бұл күнді Тәуелсіздігіміздің бастауына бағалады. «Азаттықтың алтын қазығын қаққан күн»,- деді.

34 жылдың тарихын білеміз. Түрлі оқиғалар мен процестерге толы тарихты сараптау басталып та кетті. Бір нәрсе анық – елдің рухының күштілігі. Бейнелеп айтқанда: «толарсақтан саз кешіп тұрып», сынбайтын рух.

Қ.Тоқаев әдеттегідей, реформаларға тоқталды. Президенттің айтуынша, саяси-конституциялық реформалар дұрыс жүзеге асып жатыр. Ал жаңа экономикалық бағдар бойынша көлік, энергетика және индустрия жүйесінде өзгерістер бар.

Президенттің айтуынша, 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатыр. Қараусыз қалған жолдардың бірі - Батыс Қазақстан облысындағы Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы бағытындағы жол биыл пайдалануға беріледі. Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар іске қосылмақ.

Айтпақшы, күзгі жиын-терім де аяқталды. 26 млн тонна астық жиналған.

Әлеуметтік салалар бойынша айтқаны: биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 115 медициналық нысан салынған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 500 мыңға жуық бала жаңа білім ордасында оқиды. Техникалық және кәсіптік білім беру саласына мемлекеттік тапсырыс 10 мыңға көбейген.

Елдің ішкі жағдайы мен азаматтардың әл-ауқатына мемлекеттің сыртқы саясаты тікелей әсер етеді. Бұл Президенттің қатты мән беретін саясаты.

Бұл жиналыста бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады. Арасында академик Асқар Жұмаділдаев бар. Еңбек жолын қарапайым математика пәнінің мұғалімі болып бастаған ғалым 34 жыл бұрын Қазақстанның алғашқы декларациясын қабылдауға атсалысқан. Ол «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын айшықтайтын Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін кеудесіне тақты.

Асқар Жұмаділдаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:

Ғылымды жоғары дәрежеге жеткізіңдер, бұрынғы қалпына келтіріңдер деп тапсырма берді. Мен сол тапсырманы орындаймын. Осы бағытта барлығымыз аянбай жұмыс істейміз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Мақтаныш және ілгері қарай жұмыс.

62 жастағы Гүлжанар Нұрпейісова да «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. 25 жылдан бері зағип жандарға математикадан сабақ береді.

Гүлжанар Нұрпейісова, Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі:

Қарапайым мектеп мұғаліміне деген құрмет деп ойлаймын. Соңғы кезде мұғалім мәртебесін көтеру туралы міне үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде елеулі еңбегімізді бағалап, марапатқа ие болып жатырмыз.

Қазақтың талантты ақын-композиторы әрі әншісі Елена Әбдіқалықова:

«Мен ақын Светқали Нұржанның осы жыры үшін ғана оған Мемлекеттік сыйлықты ойланбай берер едім» дегендей, әдебиет аталымы бойынша Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты жазбаларының соңына «Айт-Ман Нұржан» деп қол қоятын ақын Светқали Нұржан алды. Ал әңгіме қай жыр туралы дейсіз бе? «Екі Отан» деген. Мынадай жолдар бар:

...Сіздің отан – шетелдердің банкінде, Біздің Отан – Маңғыстауда тоналған!

... Сіздің отан – ібілістер әнінде, Біздің Отан – қыл қобызда боздаған.

...Ешқашан да Отан екеу болмайды:

Қалады әлі

Жалғыз Отан – Шын Отан! Ұлы Отан!..


Хабарламаларға жазылу