Алматыдағы арнайы экономикалық аймақта 7 мыңға жуық жұмыс орны ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы арнайы экономикалық аймақта 7 мыңға жуық жұмыс орны ашылды

24.10.2024

Алматыдағы арнайы экономикалық аймақ құрылғалы бері 7 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Көрсетілген қызмет пен өнім көлемі 794 млрд теңгеге жеткен. Орталыққа жауаптылардың сөзінше, кәсіпорындар бюджетке 129 млрд теңге салық төлеген. Жыл соңына дейін жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын 5 жоба іске қосылады.

Бұл компания су, жылу, электр және газдың тұтыну көлемін есептейтін құрылғы шығарумен айналысады. 80 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын 1650 шаршы метр аумақты жеңілдетілген бағамен жалға алған. Арнайы экономикалық аймақта 3 жылға жуық уақыт жұмыс істейтін зауытқа бірқатар жеңілдік қарастырылған.

Бекболат Егізбаев, «NERO INDUSTRIES» ЖШС директоры:

Электрлі есептегіштер бір пәтерге бір есептегіш болғандықтан, суық су есептегіштері жылына 200 мыңға дейін өндіруге қуаттылығы бар. Бірақ бүгінгі таңда сатылып отырған айналым былтырғы 2023 жылмен алатын болсақ, 10 мыңның көлемінде сатылымда. Биылғы жарты жылдыққа 8 мың есептегіш сатылды. 

Кәсіпорын жыл соңына дейін өндіріс көлемін 15 мың дана есептегіш құралға жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін барлық мүмкіндік жасалған, - дейді. Қазір 163 гектарды алып жатқан арнайы экономикалық аймақта 180-ге жуық мекеме жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – ІТ саласында.

Азамат Төлебаев, арнайы экономикалық аймақтың дамыту бөлімінің басшысы:

Алматы бойынша қарастырсақ, бізде төмендетілген баға 2600 теңге офистік ғимаратымыз және өнеркәсіптік ғимаратымыз 1300 теңге 1 шаршы метрге. Кәсіпорындарға бізде салықтық жеңілдіктер және кедендік жеңілдіктер бар. 

Келесі жылы арнайы экономикалық аймақта жалпы сомасы 10 млрд теңгеден асатын 5 жоба іске қосылмақ. Ал 2026 жылы тағы да 3 кәсіпорын жұмысын бастайды, - дейді жауаптылар. Осылайша жаңадан 450 жұмыс орны ашылады.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу