Жұмыспен қамту бойынша қабылданған бағдарламалар еш нәтиже бермеді. Бүгін Үкімет сағатында Мәжіліс депутаттары бірқатар мемлекеттік жобаларды іске асыра алмаған министрлікті сынға алды. «Үкімет жыл сайын 900 мың адам жұмыспен қамтылды деп есеп бергенімен, жұмыссыздар саны азаймай отыр» дейді. Еңбек нарығындағы ахуалды жақсарту үшін Үкімет қандай шара қабылдап жатыр? Айя Мүтәлі тарқатады.
Айя Мүтәлі, тілші:
Мәжіліске келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова алдымен атқарылған шаруалар туралы есеп беріп, алдағы 5 жылдық жоспарын баяндады. Алайда, министрдің есебіне кейбір депутаттардың көңілі толмаған сыңайлы. Олар Светлана Жақыпованы 3 сағат бойы сұрақтың астына алды.
Депутаттар ең әуелі еңбек нарығындағы маман тапшылығы мәселесін көтерді. Әсіресе, жұмыспен қамту бағытында қабылданған шараларды сынады. Олар жарнамасы жер жарған бағдарламалар әр екі жыл сайын қабылданып, аяқсыз қалатынын айтады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз әлі күнге дейін көбінесе «тізесі шыққан» шараларды қолданудамыз. Жаңа жүйелі шаралар аз, сол баяғы уақытша жұмыс орындарын құру, оқыту және қайта оқыту, шағын несие беру және басқалары.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мысалы, кәсіптік оқыту дейді. Бизнес бастау дейді. Жастар практикасы дейді. Қоғамдық жұмыстар дейді. Ұрпақтер келісімшарты дейді. Күміс жас дейді. Осы жобалар бар қазіргі кезде. Қандай нәтиже қарапайым халыққа?
Сондай-ақ, Светлана Жақыпова кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалардың да тиімсіздігін мойындап отыр. Себебі, бүгінде жеке бизнеспен айнылысып жүргендердің үлесі 20 пайыздан аспайды.
Светлана жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Бұл – Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерімен салыстырғанда 4 есе аз. Тиісінше, бүгінгі күні жұмыс орындарының өсімін өнімділігі төмен салалар мен мемлекеттік сектор қамтамасыз етіп отыр
Ресми тіркеуден өтпей, табысын жасырып еңбек ететіндер де аз емес. Министрлік мұны зейнетақы қорына түскен қаражаттың көлемінен біліп отыр. Ұлттық статистика бюросынының дерегіне сүйенсек, халықтың қазіргі табысымен қорда 38 трлн теңге жиналуы тиіс. Алайда, ондағы қаржы 20 трлн теңгеден аспайды. Ал депутат Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығында аз жалақы сұрайтын, біліктілігі төмен мамандардың көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қуанатын мәселе емес. Себебі, екінші орында күзетші мамандығы, төртінші орында такси жүргізушілері сұранысқа ие болып отыр. Біз бұдан не көреміз? Экономикамыз үшін ойланатын мәселе.
Табыс табу үшін шетелде заңсыз еңбек етіп жүргендердің де мәселесі қызу талқыланды. Мәселен, қазір Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген 15 мың отандасымыз бар
Айя Мүтәлі, тілші:
Жақында бұл азаматтар мәжбүрлі түрде елге қайтарылуы мүмкін. Себебі, Оңтүстік Корея елі министрлікке қатаң талап қойған. Әрі бұдан былай жұмыс істеуге бару үшін арнайы сертификациядан өту міндеттеледі. Министрлік заңсыз еңбек етіп жүрген азаматтар әуежайдан билет сатып алып өз бетінше елге оралса, ешқандай жауапкершілік болмайтынын айтты.
Айя Мүтәлі