Люксембург Қазақстанмен барлық салада ынтымақты арттыруға мүдделі. Ұлы герцоктік кәсіпкерлері де қазақ экономикасына қаржы құюға құлшынып отыр. Елге инвестиция тарту мақсатында Люксембургта Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Шараны еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі мен Люксембург сауда өндірістік палатасы бірігіп ұйымдастырды.
Люксембург - экономикасы қуатты әлемдегі ең ауқатты мемлекеттердің бірі. 600 мың халық тұратын кішкентай ғана елмен дүйім жұрт байланысты бекемдеуге бейім. Біздің ел де Люксембургпен саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге барын салуда.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Люксембургтағы Төтенше және өкілетті елшісі:
Люксембург пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 есе өсті. Біз мұны әрі қарай ұлғайту үшін кәсіпкерлерге Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерді кеңінен таныстырып жатырмыз. Люксембург шағын мемлекет болғанмен, ауқымды капиталымен, инновациялық шешімдерімен әйгілі ел.
Сабрина Аксель, Люксембург Сауда өндірістік палатасының менеджері:
Бүгінгі шараға 50 ден астам компания өкілдерінің қатысуы Люксембург қоғамдастығының қазақ нарығына қызығушылығын көрсетеді. Былтыр біз сауда палатамыздың Президенті Фернанд Эрнстердің қатысуымен Алматы, Астана қалаларына барып, ол жақта Люксембург компанияларға керемет мүмкіндіктер бар екеніне көз жеткіздік. Сол үшін Қазақстанға алғысымыз зор.
Көлік, химия, медицина, ауылшаруашылығы саласындағы 50 ден астам компания өкілдеріне басқосуда Қазақстанның көлік, логистикалық әлеуеті, ел аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық көлік дәлізінің қызметі таныстырылды.
Люксембург кәсіпкерлерін еліміздегі саяси тұрақтылық пен инвестициялық ахуалдың тиімділігі қызықтырады.
Эндрю Макдональд, кәсіпкер:
Биыл жазда екі апта Алматыда болдым. Сол жерде компания ашып, жергілікті халықты жұмыспен қамтып, қызметімізді ұсынбақпыз. Қазақстандағы экономикалық өсім, тұрақтылық еуропалық компаниялар үшін өте маңызды. Қазақстан шетелдік бизнесті еліне тартуға қыруар күш салып, ашық, тұрақты нарық алаңын ұсынып отыр.
Люксембург кәсіпкерлері «Астана қаржы» орталығы мен IT стартаптар технологиялық паркінің жұмысына да белсене қатысуға ниетті. Ал Қазақстан үшін Люксембургтың қаржы саласындағы, спутник пен ғарышты дамыту тәжірибесін игеру маңызды. Қос елдің елшіліктері бизнес өкілдерінің ынтымағын арттыру үшін семинарларды, кәсіпкелер форумын жиі ұйымдастырмақ ниетте.
Нұрсұлу Қасым