Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге биыл – 120 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге биыл – 120 жыл

28.09.2024

Білім ордасының мерейтойы ерекше аталып өтті. «Алаштың тұңғыш білім ордасы - тарихы, бүгіні, болашағы» атты халықаралық семинар-практикум өтіп, жаңа деректі фильм ұсынылды.

Арнайы шара Мұхтар Әуезов ескерткішіне гүл қоюдан басталды. Одан кейін «Оқу орнының түлектері-еліміздің тарихи тұлғалары» атты тағзым тақтасы ашылды. Ғылыми конференция ұйымдастырылып, 120 жылдық тарихтың маңыздылығына арналған деректі фильм көрсетілді. Білім ордасының мерейтойына Оқу-ағарту минстрлігі өкілдері қатысып, құттықтады.

Әсет Мұханбетов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры:

Бүгін елімізде үлкен той болып жатыр. Яғни Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжіміздің 120 жылдығы, үлкен мерейтой. Осы колледжге бүгін келіп отырған қонақтардың арасында сол кездегі Алаш ұлыларының ұрпақтары, қазіргі таңда осы істі жалғастырып жүрген зиялы азаматтар қауымы келіп, осы колледжге деген құрметін білдіріп жатыр.

М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж – білікті маман даярлаудың ұстаханасына айналған, кәсіби білім ұясы. Қазірдің өзінде колледжде мың жарым студент білім алса, 100-ден аса ұстаз еңбек етеді.

Шағангүл Жанаева, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры:

Егер мұғалім білімді болатын болса ол ұлттың болашағы да зор. Біз бүгінгі таңда кәсіби маманданып жатқан болашақ мұғалімдеріміздің алдына да осы жауапкершілікті қоямыз.

Айтулы шараға колледжден түлеп ұшқан шәкірттері жиналды. 1987 жылы осы оқу орнын аяқтаған Жанат Қарманова бұл білім ордасының болашақ мамандарды тәрбиелеудегі орны ерекше екенін айтады.

Жанат Қарманова, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж түлегі:

Нағыз ұстазды тәрбиелейтін осындай тарихы 120 жылдық оқу орны. Сол оқу орнын бітіргеніме мен өте қуаныштымын. Білім ордасында біліммен қатар осы болашақ ұстаздарға мықты тәрбие, яғни елін сүюді, жерін сүюді бірінші тәрбиелейді.

Семинар-практикум барысында 22 педагог Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі және «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломымен марапатталды.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу