Тұрар Рысқұловтың 120 жылдық мерейтойы аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрар Рысқұловтың 120 жылдық мерейтойы аталып өтті

01.11.2014
Тұрар Рысқұловтың 120 жылдық мерейтойы аталып өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 120 жылдық мерейтойы аталып өтті.  

Түлкібас ауданының әкімдігі ұйымдастырған шара Тұрар Рысқұлов ауылы Жанкент мөлтек ауданындағы Тұрар Рысқұлов ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Мерейтой ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.    

Конференция жұмысына Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі, тарих ғылымдарының кандидаты, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесі тарихын зерттеу орталығының директоры Ордалы Қоңыратбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тұрартанушы ғалым Мұхтар Қазбек, тарих ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚМУ доценті, ғылыми зерттеу орталығының директоры Ғаппар Маймақов және т.б. қатысып, баяндама жасады.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар арасында қоғам қайраткерлері Мекемтас Мырзахметұлы, Асылы Осман, тұрартанушы М.Серікбаев та болды.

Бұдан кейін Кемербастау ауылдық округі, М.Жәрімбетов ауылында Тұрар Рысқұлов ескерткішінің қазығы қағылып, 120 түп емен ағашы отырғызылды. Мұнымен қоса, қоғам қайраткерінің өмірінен сыр шертетін театрландырылған қойылым, концерттік бағдарлама өткізілді.

Шара барысында бәйге (тай жарыс), аударыспақ, көкпар сынды ұлттық ат спорты ойындары ұйымдастырылды.

Хабарламаларға жазылу