Жамбылда ақындар мен әкімдер Шерхан Мұртазаның шаңырағына жиналып, ашық аспан астында өлең оқыды. Жыр сүйер қауым қазақтың Шерағасы туып өскен Талапты ауылының аспанын әдемі лирика мен әсем әнге бөледі. Бұл ақыны мен атқамінері бірін-бірі іздеген күн болды. Тау бөктеріндегі жыр кеші жайлы Данияр Әлімқұл тарқатады.
Иә осылай туған жеріне жолы түскен таланттар жазушысын ардақтап, Жуалыға жиылды. Олар қайтқан қаздың үнімен қайталанбас қаламгерін еске алды. Келелі кештің әсерлі өтуіне таулы ауылдың суық түні де кедергі болмады. Өлең оқыған ақындар мен атқамінерлер от жағып отырып, қоламта қызуына жылынды.
Астана мен Алматыдан келген белгілі ақындар Ерлан Жүніс пен Олжас Сәндібек те әдеби кештің ортасынан табылды. Қаранар жазушының қара шаңырағында жыр да оқылды, ән де айтылды.
Ерлан Жүніс, ақын:
Біз Алматы мен Астанада жүргенде алыстан жарқырап от көрінгендей болды. Сол от бізді шақырғандай болды. Сөйтсек сол от Шерхан Мұртазаның шаңырағының, Шерхан Мұртазаның жарығы екен. Шерхана Мұртаза жаққан бір шырақ екен. Шерхан Мұртаза шырағы ешқашан сөнбейтінін білеміз.
Енді жамбылдықтар жыл сайын Шерхан Мұртазаның шаңырағында бас қосатын болды. Айта кетейік, жазушының көзі тірісінде қаламының ізі, табанының табы қалған шаңырағы мемориалдық музей ретінде ел игілігіне берілген болатын.
Данияр Әлімқұл