Президент өткенде «Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ» деген. Бұл байламмен ел келіседі. Иә, үлкен сала, проблемалары да кішкентай емес. Алайда бұл қыруар қаржының қайда жұмсалып жатқанына алаңдаушылықты баса алмайды.
Қоғамдық саясат институтының социологиялық зерттеуіне сәйкес, әрбір төртінші қазақстандық (27,8%) медициналық мекемелерге немесе қызметкерлерге шағымданады.
Ал Stada Health Report халықаралық зерттеуінің деректері бойынша Қазақстан денсаулық сақтау жүйесіне наразылық деңгейі бойынша 23 елдің арасында екінші орын алған. Бұл дәл зерттеу болса, министрлікке қарап, жамырай «Бұл қалай?» дейміз.
Бір-ақ сұрақ қойғымыз келеді: Неге азаматтарымыз Ташкентке барып емделеді? «Тәшкен көргендер» «Медициналық қызметтер қолжетімді және адамға адам сияқты қарайды» дейді. Осы аптада Парламент Мәжілісінің депутаты Данабек Исабеков жедел жәрдем 30 минуттан кейін келіп, әкесінен айырылып қалғанын айтты.
Бұл әңгіменің мықты дәрігерлер, мықты мейірбикелер, мықты фельдшерлерге қатысы жоқ. Және олар аз емес. Әңгіме әуелі өз дертінен айыға алмай отырған медициналық система туралы. Сұрақтарды Елдос Есенбол таразылайды.