Астанада «Орталық Азия – Германия» форматындағы саммит өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Орталық Азия – Германия» форматындағы саммит өтіп жатыр

17.09.2024

«Орталық Азия – Германия» форматындағы көпжақты ынтымақтастық тарихында жаңа кезең басталады. Бүгін Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуінде Мемлекет басшысы осылай деді. Астанаға Қырғыз Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон келді. Сондай-ақ Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц та бар. Саммитті ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқан Федералдық канцлер Олаф Шольц пен Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларына ризашылығын білдірді. Президент былтыр қыркүйекте Берлинде басталған жоғары деңгейдегі диалог тұрақты және сенімді сипатқа ие болғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл Орталық Азия мемлекеттері мен Германияның өңірлік стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға мүдделілігі мен ұмтылысын айғақтайды деп санаймын. Біздің кездесуіміз бірлескен жұмысты қорытындылап қана қоймай, кооперацияны одан әрі тереңдетудің жаңа бағыттарын айқындауды мақсат етеді. Бүгін сауда, инвестиция, энергетика, экология, көлік-логистика, білім-ғылым сияқты салаларға қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Сындарлы пікір алмасулар елдерімізге пайда әкелетін шешімдер шығаруға ықпал ететініне сенімдімін.

Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу