Үсік жүрсе, солтүстік өңірлердегі диқандар тығырыққа тірелетін болды. Қолайсыз ауа райы астықты уақытылы оруға мүмкіндік бермей, бүгінге дейін ел бойынша егілген 23 млн га алқаптың 30 пайызы ғана орылған. Жаз бойы жауған жаңбырдың салдарынан шаруалар ораққа кеш кіріскен. Мөлшерден тыс ылғал дақылдардың сапасына да кері әсер етті. Ал алдағы күндері күн райы суытып, астықты үсік шалу қаупі бар. Мұндай астықты дұрыс кептіріп, қыс бойы сақтау да оңай шаруа емес. Астықтың аз болуы ертең бағаның өсуіне де себеп болуы мүмкін, - дейді диқандар.
Иван Мелешко, шаруа:
Мәселен арпаның көп бөлігін қазіргі күннің өзінде жоғалтып алдық. Жаңбардың салдарынан уақытында ормағандықтан, астықтың сабағы сынып, жерге құлады. Шамамен 40 пайызы жерде жатыр десем болады. Оны орып алу мүмкін емес. Шығынға бататынымыз анық. Ал ол шығынымызды кім өтейтінін әзірге білмейміз.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері ел бойынша қуаты 923 мың тонна болатын 1300-ден астам кептіру агрегаты бар екенін алға тартты. Кептіру, сақтау бойынша үлкен мәселе болмайды деп сендірді.
Оңғар Алпысбайұлы