Әлемдік деңгейде өнер көрсететін теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Ұлттық құрама атынан алдағы халықаралық жарыстарға қатыспауы мүмкін. Яғни Азия ойындары мен АҚШ-та өтетін жазғы Олимпиада ойындарынан шет қалуы ғажап емес. Өйткені Ұлттық олимпиада комитетінің Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваға деген сенімі азайған.
Ербол Мырзабосынов, Ұлттық олимпиада комитетінің жалпы мәселелер бойынша вице-президенті:
Бүгінгі күні Азия ойындары өтті. Олимпиада өтті. Бұл ойындарға қатыспаған спортшыларға сенім арта алмаймыз. Әрі қарай сенім арту қиын болады. Сондықтан біздің анализіміз осындай. Әрине әлі қараймыз, ол спортшылармен сөйлесеміз. Бұл мәселені шешуге тырысамыз.
Бүгін Париж Олимпиадасын қорытындылауға арналған алқа жиыны өтіп, дүбірлі додадағы жетістіктер мен кемшіліктер талқыланды. Отырыста осы кезге дейін мемлекет тарапынан қаржыландырылып келген 180 спорт түрін үш есеге қысқарту туралы шешім қабылданып, алдағы күндері салада ауыс-түйіс болатыны айтылды. Еске салайық, Парижде өткен Олимпиада ойындарына елімізден 78 спортшы қатысып, спорттың бес түрінен ел қоржынына 7 медаль салды. Сондай-ақ жүлде алған 87 мемлекеттің ішінде командалық есепте 43 орынға тұрақтады.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
Қазір біз Мәжілісте заң жобасын қарап жатырмыз. Біріншіден спорт түрлерін қысқартамыз. Екіншіден легионерлер мәселесін қоғам белсенді көтеріп жатыр. Сондықтан Мәжіліспен бірігіп, болашақта легионер болмайды деген ұсыныс айтылып жатыр. Көп федерацияларда модернизация өткіземіз. Көп федерация басшылары ауысады деп ойлаймыз.
Нұрсұлтан Тілектес