Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VІ Консультативтік кездесуі өтті. Ақордада өткен басқосуға Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Қырғызстан президенттері қатысты.
Лидерлер жиында 2027 жылға дейінгі Аймақтық ынтымақты дамытудың жол картасын бекітті. Бұл құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді әрі осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалу барысын бақылауды күшейтеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды құжатқа қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргі күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақтағы ынтымақтастықтың жоғары даму қарқынын сақтау өте маңызды. Ол үшін жан-жақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын қалыптастыруды ұсынды. Соңғы жылдары Орталық Азия елдері арасында сауда көлемі біртіндеп ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш 11 миллиард долларға жетті. Мемлекет басшысы тауар айналымын арттыру және оны 15 миллиард долларға жеткізу маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінгі таңда халықаралық қатынастар жүйесінің іргелі негіздері өзгеріске ұшырағанын байқап отырмыз. Бұл – қауіпті құбылыс. Мұндай жағдайда аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ең басты міндет екені естен шықпауы тиіс. Қазіргі сын-қатерлерді тек саяси диалог пен мемлекеттеріміз арасында өзара сенім шараларын нығайту арқылы еңсеруге болатыны анық. Осы ретте соңғы жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды.
Айя Мүтәлі