«Таза Қазақстан» акциясы дәстүрлі шараға айналады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» акциясы дәстүрлі шараға айналады

09.08.2024

«Таза Қазақстан» акциясы дәстүрлі шараға айналады. Министрліктер бірлесіп, алдағы бес жылға бағытталған тұжырымдама әзірлеп жатыр. Мемлекет басшысының пәрменімен жүзеге асқан бастамаға халық өте белсенді қатысты. 4 айдың ішінде 2 жарым млн адам елімізді қоқыстан тазарту жұмыстарына атсалысты. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, еріктілер, жастар, бюджеттік ұйым мамандары мен кәсіпкерлер де бар. 

Қала тазалығының қадірін қарт қызметкер Сәуле Жұманқызынан артық ешкім түсінбес. Жасы 60-қа тақау. Әне-міне зейнетке де шығады. Бүгін де әдеттегідей таңғы бестен бері тынымсыз. Қыстың қақаған аязы, жаздың аптап ыстығы демейді. Құрметті қызмет иесі халықтың белсенділігіне дән риза.

Сәуле Жақыпова, көше тазалаушы:

Таңғы бестен келеміз, алтыда шығамын. Ауа райының қолайсыздығына қарамаймыз. Бүкіл халық қала бойынша көмектесіп, қаланың іші тазарып қалды. Былтырғыдан қарағанда биыл тазарды. Соған біз қуанамыз.

Қоршаған ортаның ластануы елдегі өзекті проблемаға айналып барады. Осылай деген экологтар тазалық жұмыстарына бейжай қарамаған жөн, - дейді. Әсіресе, қалдықтарды қайта өңдеу мәселесіне көңіл бөлу қажет. Әрі тазалық ережелерін балабақша мен мектеп бағдарламаларына да енгізуді ұсынып отыр.

Елдос Абақанов, эколог:

Қалдықтарды қалдық ретінде емес тауар ретінде қарастыру керек. Оны қайта қолдануға болады деген секілді ойларды жеткізу арқылы экологиялық мәдениетті балаларда, үлкен азаматтарда болсын көтере алатын едік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тазалық жұмыстары сәуір айында басталды. Акцияға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бір кісідей атсалысты. Мекемелер мен аулалар, су айдындары, тіпті зираттар да қоқыстан тазартылды. Тарихи-мәдени ескерткіштер абаттандырылды. Көшеттер отырғызылды. Экоплогинг, тазалық акцияларын қоса алғанда бас-аяғы 3000-нан астам шара ұйымдастырылды. Енді бұл бастама дәстүрлі шараға айналады.

Қайрат Қамбаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің комитет төрағасы:

Бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілуі үшін сондай-ақ жастардың арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру үшін қазіргі таңда біздің әріптестеріміз Экология министрімен бірлесе отырып, 2024-2029 жылдарға арналған концепция әзірлеп жатыр.  Ақпараттық жұмысты күшейту, жастармен кездесулер, тазалық акциялары, экоплогингтар, үкіметтік емес ұйымдардың арасында өзара конкурстар ұйымдастыру, кей өңірде қоқысты сыйлыққа ауыстыр акциялары бар. Соларды күшейтеміз.

Концепция аясында тазалықпен қоса, бақылау жұмыстары да күшейеді. Қоршаған ортаның тазалығына немқұрайлы қарап, ластап, қоқыс тастағандар жазасыз қалмайды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Айналаның әдемілігі сән-сәулеті келіскен ғимараттармен ғана өлшенбейді. Жасыл желек жайқалып, көшелердің мынадай тап-таза болып тұруы үшін әр адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығы қажет. Ал тазалық сақтаудың қағидасы қарапайым. Көшеден қоқыс көрсеңіз жәшікке сала салыңыз. Және ол дағдыны өзгелерге де үйрете жүріңіз. Сонда ғана  «Таза Қазақстанға» айналамыз.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу