Билет тапшылығы мәселесі шешімін таппай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Билет тапшылығы мәселесі шешімін таппай тұр

26.07.2024

Жолаушылар жаз мезгілі басталғалы пойыздарға билет таппай, сенделіп жүргенін айтып, шағымданды. Есесіне, алып-сатарлардың саудасы қызып тұр. Делдалдар кез келген уақытта, кез келген бағытқа билет тауып беруге әзір. Тіпті интернетте ашық жарнамалап жатыр. Билет тапшылығының басты себебі неде? Мәселені алматылық әріптесім Айдана Қуантхан зерделеп көрді.

Дархан екі күннен бері Астанаға жете алмай жүр. Жұмыс бабымен екі ортада көп жүремін, аяқ асты жолға шығатын болсам, кейде билетті делдалдардан сатып аламын, дейді.

Дархан Тәпенов, қала тұрғыны:

1-2 адамға жазғам олх-тан солардан хабар күтіп отырмын. Олардан табылмаса, иә таксимен шығамын, себебі ұшақ билеті қымбат.

Пойыз билеті 45 күн бұрын сатылымға шығады. Бірақ жолаушының көбі сапарын ерте жоспарлай бермейді.

Ал кассадағылар «күту парағына» өтінім қалдыруды ұсынады. Бірақ билет бірден табыла кетпейді. Қанша күтетініңіз белгісіз. Сөйтсек билеттің саудасы алысқа бармай-ақ, вокзалдың ішінде қызып тұр.

Аяқ асты сапарлайтындар делдалдардың қызметіне жүгінуден басқа амал жоқ екенін айтып отыр.

Айдана Қуантхан, тілші:

Билет саудасы интернетте де қыз-қыз қайнап тұр. Олар кез-келген бағытқа тауып беруге әзір. 

Мұндай өзекті мәселе Маңғыстау өңірінде де бар. Мәселен тамыз айында Алматы, Астана бағытына мүлдем билет жоқ.

Ақерке Есбергенова, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

Оқуға баратын балалар бар, қыдыратын, демалысқа шығады жаздың уақытында адамдардың бәрі. Осы тамыз айына Астанаға билет іздеп едім, таба алмадық. Ұшаққа көп адамның қалтасы көтермейді.

Жыл сайын жаз айларында 4,5 миллионға жуық жолаушы пойыз арқылы қатынайды. Билет тапшылығының бірден-бір себебі – вагон жетіспеушілігі. Осы ретте ұлттық компания 2025 жылдан бастап заманауи талаптарға сай келетін жаңа вагон әкелеуді жоспарлап отыр. Ал «Жолаушылар тасымалы» компаниясының өкілі билетсіз жүргендерді тасымалдайтын жолсеріктер мен жол жүру құжатын қымбат саудалайтындар әлі де бар екенін жасырмады.

Нариман Дүйсекеев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы:

Жақында ғана Алматы-2 бекетінде алып-сатарлар бар екенін анықтадық. Одан бөлек Шымкентте теміржол қызметкері билетсіз жолаушыны тасымалдағанын білдік. Оларға тиісті шара қолданылды. Біз үнемі мобильдік топ құрып, вокзал қызметкерлері арасында тексеріс жүргіземіз.

Айта кетейік, алып-сатарлардың заңсыз әрекеті дәлелденсе 5 тәулікке дейін қамалады немесе 70 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу