Елордадағы қабылдау бөліміне күніне 300 бала түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы қабылдау бөліміне күніне 300 бала түседі

25.07.2024

Жаз басталғалы жарақат алып, ауруханаға түскен бала саны азаймай тұр. Елордадағы бір ғана қабылдау бөліміне күніне 300 бала түседі. Дабыл қаққан дәрігерлер ата-аналарға аса сақ болуды ескертіп отыр. Өйткені жазатайым оқиғадан мүгедек болғандар бар, қаза тапқандар да аз емес.

Травматологияның қабылдау бөлімі. Ұзын-сонар кезек. Дәрігерлерге дамыл жоқ. Кішкентай Әлижанның да аулада ойнап жүргені сол еді. Темірге тартылам деп қолы тайып кеткен.
Индира Әлімбаева, қала тұрғыны:
Құлағанның салдарынан ұлыма тез арада операция жасауға тура келді. Қазір жағдайы бірқалыпты. Жарасын таңуға келіп тұрмыз. Тағы үш апта гипспен жүреміз.
Ал балалардың енді бірі доп теуіп жүріп, абайсызда басын жарып алған.

Ойын баласын үйде ұстау мүмкін емес. Бірақ, ойнап жүріп, оқыс оқиғаға тап болғандар көп. Мәселен жуырда Шортандыда бүлдіршін балабақшаның терезесінен құлап кетті. Астанада 10 жасар баланың үстіне қақпа құлап, мерт болғаны есте. Сатыдан сүрінген бала, теледидар құлаған бүлдіршін тағысын-тағы.

Дәрігерлердің дерегінше аса ауыр жарақатпен келгендердің көбі – биіктен құлағандар. Жыл басынан бері ел бойынша 100 бала терезеден құлаған. Елорда ауруханасына биіктен құлаған 73 бала түсіп, оның 4-еуі қайтыс болды. Кейінгі орында жол-көлік апатынан зардап шеккендер тұр. Алғашқы бес айда 85 бала көз жұмған. 2500-і әртүрлі дене жарақатын алған. Одан бөлек, ойын алаңдарындағы қауіпсіздіктің сақталмауы тағы бар. Суға бату, күйік шалу, шұңқырға түсу, улану оқиғалары да жиі тіркелген.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Кейінгі кезде дәл мынадай мопедтер балалар жарақатының негізгі себебіне айналып барады. Өйткені мопед мінген бала көп, тіпті ауруханаға түскендердің жасы 10-11-ден аспайды, - дейді дәрігерлер. Олар ережені білмейді, оң-солын түсінбейді. Ал ата-аналар балаларының көңілін аулаймыз деп, өміріне қауіп төндіріп отырғанын ескермейді де.
Елімізде жыл басынан бері мопед мінген 10 жасөспірім қайтыс болып, 180 бала жарақат алған. Мүгедек болғандар да бар.
Мұхтар Ақмырзаев, № 2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматологы:
Балалардың жарақаты күннен-күнге өршіп жатыр. Жалпы күнде бас-қол, аяқ, жақ жарақаттары бойынша 300-ден аса бала қаралады. Жақында ғана бір ауыр бала түсті. Аяғы мопедтен жарақат алған. Сан бөлігінен аяғы жұлынып түсті. Бала өкінішке орай аяқсыз қалды. Ата-аналарға айтарымыз мопедтен сақ болғаны дұрыс.
Абайсыздық салдарынан дені сау балалар айдың-күннің аманында жазым болып жатыр. Осылай деген мамандар балаға үй ішінде де, үйдің сыртын да бақылау қажеттігін айтады. Ата-аналар бейқамдық танытпай, бала қауіпсіздігін басты орынға қойғаны жөн.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу